Жаңалықтар

Үкіметте мақта саласын дамытудың өзекті мәселелері қаралды

Вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен Түркістан облысының әкімдігінің өкілдері мен мақта өсірушілері, мемлекеттік органдардың, «Бәйтерек» холдингінің, ҚТЖ ұлттық компаниясының басшылары мақта саласын дамыту перспективалары мен қолдау мүмкіндіктерін талқылады, хабарлайды Basagro.kz.

Түркістан облысы еліміздің мақта өсіретін жалғыз өңірі болып табылады. Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, бұл салада 70 мыңға жуық диқан жұмыс істейді. 2022 жылы 362 мың тонна мақта жиналды, биыл 300 мың тонна деңгейінде күтілуде. Жаппай егін жинау науқаны қыркүйектің үшінші онкүндігінде басталады.

«Өткен жылдан бастап бұл сала жағымсыз сыртқы факторлардың қатты қысымына ұшырады. Бұл – экспортқа мақта жеткізудің бұрынғы логистикалық тізбегінің бұзылуы, шетелдік трейдерлер тарапынан қазақстандық шикізатқа сұраныстың төмендігі, биржада шикізаттың төмен бағасы», — деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы.

Аймақ әкімдігі мақта-тоқыма кластерін салу жобасын әзірледі. Ол толық іске асырылған жағдайда өңірде 75 зауыт, кәсіпорын және фабрика салу есебінен 9 мақта тоқыма кластері құрылатын болады. Күтілетін нәтиже – 40 мыңнан астам жаңа жұмыс орны, бюджетке жыл сайын шамамен 26,2 млрд теңге түсім. Жобаны толық іске асыру үшін инвестициялық субсидиялар қажет. Өзбекстанмен екіжақты ынтымақтастықты дамыту аясында Global Textile компаниясымен тоқыма кластерін құру жөніндегі бірлескен жоба іске асырылуда. Компания облыста тоқыма бұйымдарын өндіруді жолға қоюға ниетті.

Сондай-ақ отандық тоқыма кәсіпорындарын қолдау үшін әкімдік мемлекеттік сатып алу шеңберінде отандық қамту үлесін 70%-ға дейін арттыруды ұсынды. Содан кейін қорғаныс, білім беру, медициналық, теміржол және басқа салалардан тоқыма өнімдеріне сұраныс отандық өнімдермен қамтамасыз етілуі мүмкін.

Елде тоқыма, тігін өнеркәсібімен қатар жергілікті тұқым шаруашылығын дамыту да мақта саласын толыққанды дамыту үшін қажет. Жергілікті тұқым шаруашылықтары мақта өсірушілердің қажеттіліктерінің тек 55%-ын тұқыммен қамтамасыз етеді.

Бұдан басқа, тауар өндірушілерді жергілікті өндірістің тұқымымен толық қамтамасыз ету үшін облыс аумағында орналасқан аграрлық саланың ғылыми мекемелерін әкімдіктің басқаруына беру ұсынылады.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалинның айтуынша, мақта шаруашылығы саласының мәселелері барлық мүдделі тараптардың қатысуымен түрлі диалог алаңдарында бірнеше рет талқыланды. Негізгі субсидиялардан басқа (минералды тыңайтқыштар, гербицидтер, тұқымдар, жеңілдетілген несиелер және т. б.) саланы қолдау бойынша шаралар қабылдануда. 

«Ірі түрік мақта тұқымын өндірушілермен жүргізілген келіссөздердің нәтижелері бойынша 1000 тонна элиталық тұқым жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, алайда фермерлер оларды толық сатып алған жоқ. Ел аумағында халықаралық талаптарға жауап беретін сипаттамалары бар мақта сорттарын өсіру үшін түрік селекционерлерімен бірлесіп 37 мақта сорты егілді. Бұдан басқа, субсидиялау қағидаларына фермер мен зауыт арасындағы шарттар негізінде субсидиялар алу мүмкіндігін көздейтін өзгерістер енгізілді», — деп атап өтті ауыл шаруашылығы вице-министрі. 

Сондай-ақ мақта тұқымын субсидиялау нормативтерін арттыру мәселесі шешілу сатысында тұр. АШМ бұйрығының жобасы әзірленді, онда элиталық мақта тұқымдары бойынша нормативтерді қазіргі 300 мың теңгеден 653,1 мың теңгеге дейін көтеру көзделеді, бұл сапасы жоғары импорттық тұқымдардың қазіргі құнының 70%-ы. 

Кеңес қорытындысы бойынша министрлікке Ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарда мақта шаруашылығының тұқым шаруашылығымен айналысуға қолдау көрсету жөніндегі іс-шараларды көздеу тапсырылды. Атап айтқанда, отандық тұқым өндірісін субсидиялауды 80%-ға дейін ұлғайту, түрік тұқымына ұқсас тұқым сапасының стандартын әзірлеу. Болашақта мемлекет қызметі белгіленген стандарттарға сәйкес келетін фермерлік шаруашылықтарға қолдау көрсететін болады. Түркістан облысының әкімдігі мақта саласын дамытудың және мақта кластерін қолдаудың өңірлік бағдарламасын әзірлейді және бекітеді. Өнеркәсіп министрлігі басқа мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, өз сатып алуларындағы қазақстандық қамту үлесін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізеді.

Сонымен қатар өнімділікті арттырып, ылғалдың сақталуына оң әсер ететін мақта шаруашылығында топырақтың лазерлік жоспарлағышын пайдаланудың табыстылығын ескере отырып, АӨК нысандарына осы техниканы сатып алуға өтемақы үлесін ұлғайтуды қарастыру туралы шешім қабылданды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button