Жаңалықтар

«ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ»: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ КОМАНДАСЫ ЕКІ КҮН ҚАТАРЫНАН ЖЕҢДІ

14 қыркүйекте «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің тоғызыншы кезеңі аяқталды. Шабандоздар белгіленген маршруттың 850 шақырымын басып өтті, хабарлайды BasAgro.kz.

Тоғызыншы кезең қорытындысы бойынша, Алматы облысының командасы жеңімпаз атанды. Бұл жолы қостанайлық шабандоздар мәре сызығына екінші болып келсе, Жетісу облысының командасы үшінші болып жетті. Өкінішке қарай, бұл кезеңде Жамбыл облысы командасымен қоштасуға тура келді.

Марафонның бас төрешісі Надежда Купцованың айтуынша, жамбылдық жылқының тұяғы абайсызда шұңқырға кіріп кетіп, ақсап қалған.

«Команданың қалған екі шабандозы командадан тыс Түркістанға дейін жету мақсатын орындайды. Олар осы уақытқа дейін үздіктер қатарында болды. Жарыстан шығып қалуы бәріміз үшін оңай тимеді. Дегенмен дода болған соң, жеңіліс те болады. Қалған 11 командаға мұқият болыңыздар дегім келеді», — деп атап өтті бас төреші.

Жамбыл командасының шабандозы Олжас Байшонов командасының жорықтан шығып қалғанына өкінетінін жоққа шығармай, келесі жылы тыңғылықты дайындықпен келуге уәде берді.

«Өкініш жоқ. Келесі жылдан үміт бар. «Жеңілген күреске тоймайды» демекші, мұнымен қоштаспаймыз. Расында дайындығымыз аз болды. Келесі жылы ең мықты аттарды алып келеміз. Төрешілер 650 шақырымды еңсергеніміз үшін медаль тақты. Атымыз аяқасты аяғын ауыртып алып, жарысты тоқтатуға мәжбүр болдық. Дегенмен біздің екі шабандозымыз Түркістанға дейін бармақ», — деді О.Байшонов.

Бұдан бөлек Астана қаласы, Маңғыстау, Жетісу, Қостанай облыстарының шабандоздары да 650 шақырымды жүріп өткен тұлпарларымен Түркістанға дейінгі 1300 шақырымды еңсеруді мақсат еткен. Бұл командаға төрешілер «Рекорд» деген атау беріп, арнайы 13-інші команда ретінде тіркеп, нәтижелерін күнделікті белгілеп отыр. «Рекорд» командасының жігіттері діттеген мақсатына жетсе, келесі жылғы жорыққа Гиннес рекордтар кітабының өкілдерін шақырту жоспарда бар.

Айта кетейік, алда 5 кезең, яғни 450 шақырым қалды.

Тоғыз күннің қорытындысы бойынша командалардың жалпы уақыты:

Маңғыстау облысы, 56 сағат 54 минут 19 секунд

Қостанай облысы,  58 сағат 23 минут 31 секунд

Ақтөбе облысы, 58 сағат 56 минут 32 секунд

Жетісу облысы, 60 сағат 25 минут 02 секунд

Астана қаласы, 62 сағат 25 минут 03 секунд

Алматы қаласы, 64 сағат 09 минут 51 секунд

Абай облысы, 66 сағат 43 минут 02 секунд

Алматы облысы, 67 сағат 37 минут 55 секунд

Түркістан облысы, 68 сағат  15 минут 15 секунд

Қарағанды облысы, 73 сағат 39 минут 24 секунд

Ұлытау облысы, 88 сағат 33 минут 09 секунд

11 команда 15 қыркүйекте таңғы сағат 7:00-ден бастап алғашқы 50 шақырымды еңсеруге аттанады. Түскі астан соң 9-кезеңнің кезекті 50 шақырымын бағындыруы тиіс. Сонымен командалар алдында 950-інші шақырымды еңсеру міндеті тұр.

Айта кетейік, «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің бас серіктесі – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

Басқа жаңалықтар

Back to top button