19 тонна алмұрт фитосанитарлық сертификаттың болмауына байланысты Бельгияға кері қайтарылды

Маңғыстау облысының Құрық портына Бельгия Корольдігінен жалпы салмағы 19,2 тоннаны құрайтын карантинге жатқызылған өнім — алмұрт партиясы келді.
Құжаттық тексеру барысында өнімнің Қазақстан аумағына мемлекеттік шекара арқылы өткізу кезінде міндетті болып табылатын фитосанитарлық сертификатсыз әкелінгені анықталды.
Өсімдіктер карантині саласындағы заңнама талаптарының бұзылуына байланысты импорттаушыға әкімшілік айыппұл салынып, өнім партиясын экспорттаушы ел — Бельгияға кері қайтару туралы акт ресімделді.
ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитеті фитосанитарлық талаптарды сақтау өсімдік шаруашылығы өнімдерінің халықаралық саудасындағы міндетті шарт екенін және ел аумағына карантиндік нысандардың енуі мен таралуын болдырмауға бағытталғанын еске салады.



