Жаңалықтар
Trending

50-ден астам дрон шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес шараларына жұмылдырылды

2024 жылы Қазақстанда үйірлі шегіртке зиянкестерінің таралуы 2,5 млн гектар аумақты қамтиды деп болжанған. Алайда күрес шаралары нақты түрде 3,1 млн гектар жерді қамтыды. Химиялық өңдеулер барысында 423 бүріккіш техникасы қолданылды, деп хабарлайды BasAgro.kz.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануына және шегірткелердің көршілес аумақтарға көшуіне жол берілмеді.

«Пестицидтер мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу кезінде 694 млн теңге көлемінде үнемделген бюджет қаражаты есебінен 7 барлау дроны, 46 химиялық өңдеуге арналған дрон және 68 автокөлік сатып алынды. Түркістан және Жамбыл облыстарында шегіртке ошақтарын анықтауда барлау дрондары жоғары тиімділікті көрсетті», — деп хабарлады Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті.

Химиялық өңдеуге арналған агродрондар Ақмола, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Абай және Жетісу облыстарында қолданылады.

Түркістан және Жамбыл облыстарында дрондармен мың гектардан астам жер өңделді. Қолданылатын технология қысқа мерзімде және жоғары дәлдікпен жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button