Қарашөкеев инфляцияны тежеу шаралары туралы айтып берді
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Премьер-Министрге инфляцияны бақылау және төмендету бойынша қандай шараларды жүзеге асырып жатқаны туралы баяндап берді, деп хабарлайды basagro.kz.
Министр жыл басынан бері маусымаралық кезеңде өткізу үшін күзгі және ерте пісетін көкөністерді форвардтық сатып алу бөлігінде тұрақтандыру қорларының жұмысы қайта форматталғанын атап өтті.
Сонымен қатар, қант және май зауыттары сияқты өңдеу зауыттарына шикізат сатып алуға айналым қаражаты берілетін болады. Мемлекеттік қолдау және арзандатылған астықты өткізу тетіктері арқылы қаржыландыру мәселесі жеке пысықталып жатыр.
Азық-түлік корпорациясының 800 мың тонна астықты форвардтық сатып алуы үшін жарғылық капиталын ұлғайтуға республикалық бюджеттен 70 млрд теңге бөлу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Картоп, қырыққабат, сәбіз және пияз сияқты ерте пісетін көкөністердің егістік алқаптары ұлғайтылды. Тұрақтандыру қорларының жүктемесін қамтамасыз ету үшін олардың жұмыс принципі қайта қаралды. Енді әкімдіктер өңірдің қажеттілігін өңірлік сұраныс негізінде халықтың 3 айлық қажеттілігінің 50%-на дейін айқындайды. ӘКК ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден өнімді өткізу басталғанға дейін көкөністерді сақтау шартымен форвардтық сатып алуды жүзеге асырады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілер үшін «айналым схемасын» қайта форматтау көзделіп отыр. Қаржыландырудың 70% фермерлер мен өңдеуші кәсіпорындарға бөлінетін болады. АШМ-нің тиісті бұйрығы жария талқылаудан өтуде және салалық қауымдастықтарға жолданды.
Ербол Қарашөкеев ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі «Ауыл Аманаты» жобасы басталғанын атап өтті. Биыл жоба аясында 100 млрд теңге бөлу көзделген, бұл ауыл тұрғындарына 2,5% 17 мыңнан астам жеңілдікті шағын несие беруге, сондай-ақ 18 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Шағын несиелендіруден бөлек, АӨК саласындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша СҚО-ның табысты тәжірибесін еліміздің басқа өңірлерінде енгізу көзделген. 100 млрд теңгеге жылдық 2,5%-бен сүт-тауар фермаларының құрылысы қаржыландырылады. Алдағы уақытта инвестпулды ұлғайту және оған құс етін өндіретін кәсіпорындарды, қарқынды суару жобалары, көкөніс қоймалары мен балық зауыттарын қосу жоспарланып отыр.
2026 жылға дейін 900-ге жуық жаңа инвестициялық жоба пайда болады. Жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортты алмастыру мәселесін шешуге ықпал етеді. Тек 2023 жылы құны 536,2 млрд теңге болатын 291 кәсіпорын ашу жоспарланған, оның ішінде азық-түлік өндірісі, мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы компаниялары бар, деп толықтырды сөзін АШМ басшысы.