Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда
Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті қолдауға бөлінген 3 миллиард теңге рекордтық мерзімде игерілді, деп хабарлайды BasAgro.kz.
Бар-жоғы 2 айдың ішінде сырбойылықтар ұсынған 650-дей жобаның 407-сі қаржыландырылып, бұған дейін бос жүрген 500-ден астам адамға жұмыс табылды. Шағын елді мекендерді түлетуге арналған бағдарлама аясында өңірде 33 өндірістік кооператив құрылып, агро-өнімдерді терең өңдеу ісіне бет бұрып отыр.
Шиелі ауданы Бидайкөл ауылының тұрғыны Қанат Мұсаев 20 жылдан бері қызанақ өсіріп, оны өзге облыстарға сатып келген. Көкөніс түрлерін өңдеу идеясы ойда пісіп-жетілгенімен оны іске асыруға қаражаттың реті келмей қояды. «Ауыл аманаты» жобасының несиелеу талаптары шаруаның көңілінен шықты. Дереу ауылдастарымен бірігіп, кооператив құрған дихан 27 миллион теңгеге қол жеткізіп, қызанақ пастасын өндіру желісін іске қосты. Қазір тәулігіне 2 тонна өнім шығарылатын цехта 6 адам жұмыс істейді.
«Қазір салаттың 6 түріне сертификатын дайындаймын. Оның ішіне сицибили, лечо, күзгі салат, огонек деген сияқты салат түрлері. Сосын бізде бау-бақша жақсы дамығандықтан қауыннан, қызанақтан тосап шығарсам деп отырмын. Өнім түрін 10-15 ке жеткіземін деп отырмын», — деді Қанат Мұсаев, өндірістік кооператив басшысы.
Осыдан 3 жыл бұрын жұмыссыз ретінде мемлекеттен 505 мың теңге грант ұтып, кәсібін бастаған Жансая Имантаева «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы кондитерлік цехын кеңейтіп жатыр. 2 жарым пайызбен алған 7 миллион теңгеге жаңа қондырғылар орнатқан кәсіпкер пісірілетін өнім түрін 40-қа жеткізді. Сауда сөресіне тәттілер қойылатын 2 дүкен ашып, 12 жергілікті тұрғынды жұмысқа тартқан. Кондитер енді әсем безендірілген торттарын өзге аудандардың нарығына шығаруды көздеп отыр.
«Алдағы уақытта күніне 1 млн тг табыс табатын кондитер цехын жасағымыз келеді. Ресейден, Қазақстандағы беделді деген кондитерлерден әпкем барып оқып және кондитерлерімізді де жібереміз. Шеберлік сабақтарын онлайн түрде алып, дәл соны жүзеге асырамыз», — дейді Жансая Имантаева, кондитер.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында тұзбен емдеу орталығы да іске қосылды. Бұрын ірі қалаларға барып ем алатын бронхит, невроз, демікпе және аллергиясы бар тұрғындар енді Шиеліден шықпай-ақ тыныс жолдарын тазартуға мүмкіндік алып отыр. Шағын елді мекендердегі кәсіпкерлікті арттырған «Ауыл аманаты» жобасы шаруаларға тиімділігін дәлелдеді. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі Сыр өңіріне бөлінетін қаржы көлемін 2 есеге ұлғайтып отыр.