Жаңалықтар
Trending

ҚР АШМ, Kazakh Invest және UBM Group Қазақстанда құрама жем және премикс өндірісі жобаларын іске асыру туралы негіздемелік келісімге қол қойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мажарстанға мемлекеттік сапары барысында қазақ-мажар инвестициялық дөңгелек үстелі өтті, деп хабарлайды BasAgro.kz.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Будапештке алғашқы мемлекеттік сапары қазақ-мажар стратегиялық серіктестігінің жаңа кезеңіне жол ашатынын жеткізді.

– Биыл Қазақстан мен Мажарстанның Стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойғанына 10 жыл толды. Осы уақыт аралығында біз өзара сенім мен ортақ мақсаттарға негізделген тығыз ынтымақтастықтың іргесін қаладық. Мажарстанның Қазақстанға құйған инвестициясы 370 миллион долларға жетті. Елімізде мажарлардың 70-тен астам компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында MOL Group және Gedeon Richter секілді компаниялар бар. Қазіргі таңда машина жасау, ауыл шаруашылығы және логистика салаларында жалпы инвестиция көлемі 540 миллион доллардан асатын бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі пысықталып жатыр, – деді Президент.

Президент Мажарстан бизнесмендеріне энергетика, сирек кездесетін материалдарды өндіру, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, цифрландыру, қаржы нарығы секілді маңызды салаларда инвестициялық ынтымақтастықты нығайтудың келешегі зор екенін мәлімдеді.

Жиын қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылымын цифрландыру, білім салаларына және бірлескен инвестициялық жобаларды қолдауға қатысты 7 коммерциялық құжатқа қол қойылды.

Қазақстан Президенті мен Мажарстан Премьер-министрі екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізуді ұсынды.

Тараптар екіжақты ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылап, бірқатар маңызды уағдаластыққа қол жеткізді. Атап айтқанда, Қазақстан – Мажарстан инвестициялық қорын құруға келісті. Келіссөз барысында сауда-экономика, энергетика, мұнай-газ, көлік, білім салаларындағы байланыстардың негізгі бағыттары талқыланды.

Өз кезегінде Виктор Орбан екіжақты қарым-қатынасты жандандырудың маңызды екенін атап өтіп, қол жеткізілген келісімдердің табысты жүзеге асатынына сенім білдірді.

– Екі елдің тарихы ортақ және ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік мол. Бүгінгі келіссөздер халықтарымыздың мүдделері үшін өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға негіз болады, – деді Мажарстан Премьер-министрі.

Келіссөз қорытындысы бойынша екі елдің стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуды және ортақ бастамаларды жүзеге асыруды көздейтін Бірлескен мәлімдеме қабылданды.

Қазақстан мен Мажарстанның ресми делегация мүшелері 6 құжатқа қол қойды, оның ішінде Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Kazakh Invest» және «UBM Group» компаниялары арасындағы Қазақстанда құрама жем және премикс өндірісі жобасын іске асыру жөніндегі үшжақты негіздемелік келісімі.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button