Жаңалықтар
Trending

Жамбыл облысындағы жүгеріні қайта өңдейтін жаңа зауыттың өнімі шикізат құнынан 15 есе асады

Премьер-министр Жамбыл облысындағы жүгеріні терең өңдеу зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаның құрылыс алаңына барды. Инвестиция көлемі $800 млн-ды құрайды. Және өндірістік қуаттылығын жылына 1 млн тонна жүгеріден әрі қарай 3 млн тоннаға дейін ұлғайта отырып, тігінен интеграцияланған өнеркәсіп паркін құру жоспарлануда.

Жобаны биоферментация индустриясындағы әлемдік көшбасшы – қытайлық Fufeng Group компаниясы жүзеге асыруда. Өнеркәсіп кешен құрамына крахмал зауыты және үш биоферментация кәсіпорны кіреді. Зауыттан: лизин, глутамин, глутамин қышқылы, лейцин, треонин, жем және тағы да басқа жоғары қосылған құны бар өнімдер шығарылады деп күтілуде.

Өнеркәсіп паркінің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін инвестор көмір жылу электр стансасы мен ағынды суларды тазарту стансасын салуды да жоспарлап отыр. Ары қарай тұз қышқылы мен сұйық аммиакты қоса алғанда, химиялық компоненттер шығаратын зауытты іске қосу қарастырылғаны атап өтілді. Негізгі нысандарды пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған. 1,5 мыңға дейін жұмыс орнын ашу көзделуде.

Олжас Бектенов бұл жобаны жүзеге асыру ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу деңгейін арттыруда, экспорттық әлеуетті дамытуда және заманауи агротехнологияларды тартуда маңызды қадам болатынын атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button