«Орталық Азия – Қытай» форумында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бойынша 4 құжатқа қол қойылды
«Орталық Азия – Қытай» екінші өнеркәсіптік және инвестициялық ынтымақтастық форумының аясында Қазақстан мен ҚХР-ның ірі қытайлық компаниялары арасында жалпы құны 24 млрд АҚШ долларынан асатын 58 коммерциялық құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды BasAgro.kz.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханулының қатысуымен Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу жобасы бойынша Қытайдың Fufeng Group компаниясымен инвестициялық келісімге қол қойылды.
Жобаның инвестиция көлемі – 320 млн АҚШ доллары. Бұл – Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніндегі ең ірі жобалардың бірі. Ол жылына 1 млн тоннаға дейін жүгеріні өңдеуге және лизин мен аминқышқылдары сияқты жоғары қосылған құны бар өнімдерді шығаруға мүмкіндік береді. Жоба аясында 1500 жұмыс орны ашылып, өңір фермерлеріне тұрақты өткізу нарығы қамтамасыз етіледі.
Қазірдің өзінде 2025 жылы 300 мың тонна жүгері жеткізуге оффтейк-келісімшарттар жасалған.
Xinjiang Lihua Group Co., Ltd. Түркістан облысында құны 420 млн АҚШ долларын құрайтын мақта кластерін құру жобасын іске асырады. Бұл бастама мақтаны өсіруден бастап оны терең өңдеуге және дайын тоқыма өнімін шығаруға дейінгі толық циклді қамтиды. Жоба импортты алмастыру, экспортты арттыру және жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бағытталған.
Сондай-ақ ауылдық жерлерде көптеген жұмыс орындарын ашу және жергілікті аграршылармен келісімшарттар жасау көзделген. Жоба аясында 10 кәсіпорын салу және 4000-нан астам жұмыс орнын құру жоспарланған.
Dalian Hesheng Holdings компаниясы Ақмола облысында астықты терең өңдеу кешенін салуға 650 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құяды. Өндіріс глютен, крахмал және басқа да жоғары қосылған құны бар өнімдерді шығаруға бағытталады. Сондай-ақ, отандық аграршылармен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау көзделген. Бұл жоба агроөңдеудің дамуына, экспорттық әлеуетке және азық-түлік қауіпсіздігіне айтарлықтай үлес қосады.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті Qingdao Wanlin Food Corporation компаниясымен инвестициялық келісімшартқа қол қойды. Компания пиязды дегидрациялау және көкөністерді терең өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Жобаның инвестиция көлемі – 89 млн АҚШ доллары. Өндіріс Қытай, АҚШ және Еуропа елдеріне экспортқа бағытталады. Компания жергілікті фермерлермен шикізат сатып алу бойынша байланыс орнатып үлгерді. Зауытта шамамен 300 жұмыс орнын ашу көзделген.
Бұл келісімдер Қазақстан мен Қытай арасындағы сенім деңгейінің жоғары екенін көрсетіп, еліміздің инвестиция, логистика және бірлескен өнеркәсіптік даму салаларындағы өңірлік хаб ретіндегі рөлін күшейтеді.