ЖаңалықтарМақала
Тренд

Шемонаиха ауданы – тұрақты даму мен жаңғырудың айқын үлгісі

Шемонаиха ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары өңірдің қарқынды өсімін айқындап отыр. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестиция және халықты жұмыспен қамту сынды негізгі бағыттарда тұрақты өсім байқалады.

Бұл жөнінде аудан әкімі Дидар Кенесбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Өткен жылы аудан кәсіпорындары 133,1 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өсім 114 пайызды құрады. Өндіріс көшін «Востокцветмет» ЖШС құрамындағы Артемьев өндірістік кешені бастап тұр. Кешеннің өнім көлемі 98,3 млрд теңгеге жетіп, өсім қарқыны 117% болды. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 24% дейін артып, жалпы өнім көлемі 31,2 млрд теңгені құрады (өсім – 105,2%).

Аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі 29,4 млрд теңгеге жетіп, өсім 124% көрсетті. Инвестициялардың негізгі бөлігі – 70% астамы – өнеркәсіп саласына бағытталған.

Ауыл еңбеккерлері де жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 41 млрд теңгеге жетті. 60,8 мың гектар жерден жиналған астықтың орташа өнімділігі гектарына 24,1 центнерді құрады. Күнбағыс 59,4 мың гектар алқаптан (94%) жиналып, гектар берекелігі 22,7 центнер болды.

Қыс маусымына дайындық та тыңғылықты атқарылған. Барлығы 43,6 мың тонна шөп (120%), 41,4 мың тонна сүрлем-шөп (100%), 12,3 мың тонна сабан (100%) және 98,8 мың тонна силос (150%) дайындалды.

«ШемАгроКредит» несиелік серіктестігі арқылы «Кең дала», «Кең дала-2», «Агробизнес» және«Іскер» бағдарламалар шеңберінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 12 жоба бойынша 888 млн теңге несие берілді.

Ауданда 2 200-ден астам шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істеп, 6 700-ге жуық тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Жыл басынан бері кәсіпкерлер 45 млрд теңгенің өнімдері мен қызметтерін өндіріп, бюджетке 3,4 млрд теңге салық төледі.

«Бастау Бизнес» жобасы бойынша 16 азамат кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, оның 9-ы 1,5 млн теңгеден грант иегері атанды. Жалпы грант көлемі – 13,5 млн теңге.

2025 жылы аудан тұрғындары толықтай сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта Березовка және Үлкен өзен ауылдарындағы жобалар аяқталуға жақын.

Жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Ұзындығы 10,8 шақырымды құрайтын Шемонаиха – Сугатовка автожолы жаңартылып, бес елді мекенде 5,6 шақырым ішкі көшелер жөнделді.

Шемонаиха қаласында, Усть-Таловка кентінде және Ново-Ильинка ауылында жаңа балалар ойын алаңдары орнатылды. Межовка ауылында спорттық жаттығу құралдары орнатылып, Қызыл Шемонаиха, Рассыпное, Коневка және Первомайское ауылдарында көше жарықтары жаңартылды.

Білім беру саласы да басты назарда. Аудандағы мектептерде 4 939 оқушы білім алып жатыр, биыл 402 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Салаға 8,6 млрд теңге бөлініп, 12 нысанға жөндеу жүргізілді.

Шемонаиха ауданының шығармашылық ұжымдары халықаралық және республикалық деңгейде 8 бірінші орын мен 3 Гран-при жеңіп алып, өңір мерейін үстем етті.

Спортшылар да биік жетістіктерге жетуде. Аудан құрамасы XXIII облыстық халық спорт ойындарында 9-орынды иеленсе, шахмат шебері Артур Симонов облыстық турнирде жеңіске жетіп, республикалық сынға жолдама алды.

«Жасыл Ел» жобасы аясында 98 жас маусымдық жұмысқа тартылып, түрлі бағыттар бойынша 861 іс-шара өткізілді. Ал «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 11 200 түп ағаш көшеті отырғызылып, елді мекендерді абаттандыру және тазарту жұмыстары белсенді жүріп жатыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button