Мақала
Тренд

Қазақстан мен Беларусь өкілдері аграрлық саладағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады

Ауыл шаруашылығы министрлігінде ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың болашағына арналған Қазақстан–Беларусь жұмыс тобының бесінші отырысы өтті.

Оған ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мен Беларусь Республикасы Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрінің орынбасары Александр Яковчиц төрағалық етті.

Кездесу барысында тараптар агроөнеркәсіптік кешен саласындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, агроазық-түлік өнімдерімен өзара сауданы дамыту, өсімдік және мал шаруашылығы салаларындағы ықпалдастық, ғылыми-техникалық әзірлемелермен алмасу және бірлескен зерттеулер жүргізу, аграрлық білім беру және кадр даярлау саласында өзара ынтымақтастық, инвестициялық және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне баса назар аударылды.

Беларусь Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша он ірі сауда серіктесінің бірі.
2025 жылдың қаңтар–тамыз айлары аралығында аграрлық саладағы өзара сауда көлемі 22,7%-ға өсіп, 226,7 миллион АҚШ долларын құрады.

Жүздесу барысында машина жасау саласындағы өзара іс қимылды дамытуға да ерекше көңіл бөлінді.

2018 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде қазақстандық кәсіпорындарда аталған ел брендтерінің 17 мыңнан астам тракторы мен 2,2 мың комбайны өндірілді.

Сонымен қатар, аграрлық ғылым мен білім саласындағы серіктестік те назардан тыс қалмады.Қазақстандық тарап өсімдіктердің сорттарын мемлекеттік сынау және патенттік қорғау саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын 2026–2030 жылдарға дейін ұзартуды ұсынды.
Жаңа бағдарламаға тәжірибе алмасу, сортосынау процестерін автоматтандыру және цифрландыру шараларын енгізу көзделген.

«Бүгінгі отырыс біздің серіктестігіміздің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп, жаңа жобаларға жол ашты. Бұл бастамалар өзара тауар айналымының өсуіне, инновацияларды енгізуге және екі елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді», — деді отырыс қорытындысында Ермек Кенжеханұлы.

Өз кезегінде Александр Яковчиц:

«Бүгінгі келісімдер екі елдің  аграрлық салаларының игілігі үшін әріптестікті күшейту мен тереңдетудің берік іргетасы боларына сенемін. Алдағы уақытта басталған іс табысты жалғасатынына күмәніміз жоқ», — деп атап өтті.

Кездесу соңында өсімдіктердің сорттарын мемлекеттік сынау және патенттік қорғау саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына 2030 жылға дейінгі мерзімге қол қойылды.
Алтыншы отырыс алдағы жылы Беларусь Республикасында өтеді деп жоспарлануда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button