Жаңалықтар
Тренд

Қазақстан мен Польша ветеринария және аграрлық сауда саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Польша Республикасының Ауыл шаруашылығы және ауылдық аумақтарды дамыту министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Яцек Чернякпен кездесті.

Поляк делегациясының құрамына Польшаның Бас ветеринариялық дәрігері Павел Мейер, Ұлттық ауыл шаруашылығын қолдау орталығының бас директоры Хенрык Юзеф Смолаж және тиісті ведомстволардың басқа да өкілдер болды. Қазақстан тарапынан кездесуге ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің қызметкерлері қатысты.

Келіссөз барысында тараптар ветеринария саласындағы және жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы ықпалдастық мәселелерін талқылады. Әсіресе, қазақстандық және поляк кәсіпорындарында инспекциялар жүргізу, өңірлендіру қағидатын қолдану, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің импорты мен транзитіне қатысты қолданыстағы шектеулерге баса назар аударылды.

Аманғали Бердалин екі ел арасындағы әріптестікті нығайтудың маңыздылығын атап өтті:

«Қазақстан Польша тарапымен ветеринариялық бақылау және аграрлық сауда бағытында ынтымақтастықты күшейтуге мүдделі. Біз сындарлы диалогқа, тәжірибе алмасуға және рәсімдердің ашықтығын арттыруға дайынбыз. Бұл жануарлардан алынатын өнімдердің жоғары деңгейдегі қауіпсіздігін бірлесе қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді вице-министр.

Яцек Черняк өз кезегінде Польша өнімдерінің қазақстандық нарыққа қолжетімділігін кеңейтуге көңіл бөліп, эпизоотиялық ахуал бойынша өзекті ақпараттарды ұсыну маңыздылығына тоқталды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылды жалғастыруға, ақпарат алмасуды күшейтуге және ветеринария мен жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігі саласында екі мемлекеттің құзыретті органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендерін жеткізді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button