Алматыда сүт шикізатының сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

Алматыда ветеринариялық саламаттылықты қамтамасыз ету, аурулардың алдын алу және сауын малының денсаулығын тиімді басқару мәселелеріне арналған VetSchool Kazakhstan («Фермерлер мектебі») халықаралық ғылыми-практикалық семинары өтті.
Іс-шара «Шин-Лайн» компаниясының өндірістік алаңында ұйымдастырылды. Семинарға сүт-тауар фермаларының басшылары мен ветеринариялық мамандар, халықаралық сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері және ғылыми қауымдастық мүшелері қатысты.
Семинар жұмысына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мен аумақтық инспекциялардың өкілдері қатысты.
Жиын барысында жануарлар арасында аурулардың таралу қаупін бақылау, биологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтау, трансшекаралық инфекциялық аурулардың алдын алу, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің өзара іс-қимылы мәселелері қаралды.
Семинардың негізгі тақырыптарының бірі – сауын малының денсаулығын қамтамасыз ету және оның сүт шикізатының сапасы мен қауіпсіздігіне әсері болды. Сарапшылар мастит, бруцеллез, лейкоз және репродуктивтік бұзылыстардың алдын алудың заманауи тәсілдерін, ауруларды ерте анықтау, вакцинациялау және мал басына ветеринариялық қызмет көрсетуді ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ жануарлардың қозғалысын бақылау және аурулардың алдын алу, төлдерді өсіру мен вакцинациялау, бұзауларды уызбен дұрыс қоректендіруді ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Халықаралық сарапшылар Орталық Азияның климаттық жағдайларын ескере отырып, климатқа төзімді азықтық дақылдарды өсіру бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шара барысында әлемдік және отандық сүт нарығының даму үрдістері, сүт шаруашылықтарының өнімділігі мен экономикалық тиімділігін арттыру мәселелері де сөз болды. Өндірістік тәуекелдерді азайту және мал басының өнімділігін сақтау үшін ветеринариялық есепті жүйелі түрде жүргізу, ауруларды дер кезінде анықтау және алдын алу шараларын уақытылы жүзеге асырудың маңыздылығы айтылды.
Семинардың тәжәрибелік бөлімі аясында қатысушылар «Шин-Лайн» өндірістік кешеніне барып, сүт шикізатын өңдеу және балмұздақ өндіру үдерістерімен танысты.
VetSchool Kazakhstan семинары мемлекеттік ветеринариялық қызметтер, мал шаруашылығы кәсіпорындары, өңдеу өнеркәсібі өкілдері мен халықаралық сарапшылар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Мұндай оқыту іс-шаралары мамандардың біліктілігін арттыруға, заманауи ветеринариялық тәсілдерді тәжірибеге енгізуге және мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын нығайтуға бағытталған. Бұл өз кезегінде сүт шикізатының сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, отандық өңдеу саласын дамытуға және Қазақстанның сүт өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.



