Астанада «KazAgro/KazFarm-2022» агроөнеркәсіптік көрмесінің ашылуы өтті
Елордадағы «EXPO» ХКО-да Орталық Азиядағы ең ірі агроөнеркәсіптік KazAgro/KazFarm-2022 көрмесінің ресми ашылу салтанаты өтті.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеев құттықтау сөз сөйледі.
Ол жиналғандарды көрменің басталуымен құттықтап, нәтижелі өтуін тіледі:
«KazAgro/KazFarm – біз үшін өте маңызды оқиға. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің аса күрделі де жауапты жұмысының арқасында биыл егін орағын өте жақсы нәтижелермен аяқтап жатқанымызды көріп отырмыз. Бұл көрме аясында көптеген келісім-шарттарға қол қойылатынына сенімдімін. Біздің компаниялар байланыстар, технологиялар және озық тәжірибе алмасу арқылы өздері үшін көптеген мүмкіндіктерді ашатынына сенімдімін», — деді министр.
Шарада Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Тамабек Әбілқайыр да сөз сөйледі.
«Қазақстан – аграрлы ел. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені ел экономикасында шешуші рөл атқарады. Оның дамуы елдің тұрақты дамуын, қауіпсіздігін және экспорттық әлеуетінің өсуін қамтамасыз етудің ең маңызды факторы болып табылады. Агроөнеркәсіптік кешен — халықтың жартысына жуығы үшін негізгі табыс көзі және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге, оларды өңдеуге және сақтауға маманданған, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу өнеркәсібін қажетті өнімдермен қамтамасыз ететін тығыз экономикалық және өндірістік байланыстары бар салаларды қамтиды.
KazAgro/KazFarm көрмелерінің мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерді көрсету және Қазақстанның барлық фермерлерін бірегей алаңға біріктіру. Көрме өткізу игі дәстүрге айналғаны қуантады», — деді ол.
Өздеріңіз білетіндей, көрмеге 20-дан астам елден 300-ден астам түрлі компаниялар мен ұйымдардың өкілдері қатысуда. Қазақстан астанасына Германия, Түркия, Беларусь, Ресей, Австрия, Испания, Италия, Иран, Израиль, Қытай, Канада, Польша, Швеция және басқа да елдерден сарапшылар келді.
Салтанатты шарада дипломатиялық миссиялар басшылары атынан Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверсен сөз сөйледі:
«Қазақстан әрқашан Германияның маңызды және сенімді серіктесі болды. Біздің елдеріміздің ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығы ерекше қарқынды және тиімді дамып келеді. Тәжірибе алмасуға, салалық семинарлар мен тренингтер өткізуге бағытталған диалог құруға жағдай жасалған. Неміс компаниялары үлкен қызығушылық танытатын агроөнеркәсіп кешенінде Қазақстанның әлеуеті зор. Бүгінгі таңда көрмеге ұсынылған компаниялардың саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге өсті — қазірдің өзінде олардың саны 24-ке жетті», — деді ол.
Қазақстан мен Германия арасындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын DLG (Германия ауылшаруашылық қауымдастығы) басқарушы директоры Тобиас Эйхберг де атап өтті. Спикер «KazAgro/KazFarm» білім алмасу, инновациялар мен ғылыми әзірлемелерді көрсету, сондай-ақ өндірушілер, фермерлер және тұтынушылар арасында байланыс орнату үшін тамаша алаң екенін атап өтті.
«Ростсельмаш» компаниясының Қазақстан Республикасындағы сату департаментінің директоры Сергей Робченко барлық қонақтар мен қатысушыларды құттықтады, көрмелердің бас демеушісі былай деді:
«Ұйымдастырушыларға барлығымызды 13 рет сөйлесу үшін жинаған, жаңа қарым-қатынастардың қалыптасуына ықпал ететін, барлық қатысушылар арасында тиімді ынтымақтастыққа мүмкіндік беретін және жаңа нәрселерді үйренуге қолайлы жағдай жасайтын тамаша платформа жасағаны үшін алғыс айтқым келеді».
Барлық жиналғандарды көрмені ұйымдастырушы – ExpoGroup директоры Шолпан Қожабаева қарсы алды.
«Мен 26 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында іс-шаралар ұйымдастырып келемін. Біздің міндетіміз – фермерлерімізге тәжірибе жинақтауға, ауыл шаруашылығы саласының әлемдегі ең өзекті жаңалықтары мен жетістіктерін білуге көмектесу деп білемін. Бұл да менің жеке мақсаттарымның бірі. Біздің көрмеге әлемнің 20 елінен 300 компанияның өкілдері келді. Көрме жылдан жылға кеңейіп келеді. Осыған үлес қосқан барлық қатысушыларға алғыс айтамын», — деді Шолпан Қожабаева.
Еске салайық, 12-14 қазанда Астанада Орталық Азиядағы ең ірі агроөнеркәсіптік KazAgro/KazFarm-2022 көрмелері өтуде.
KazAgro – өсімдік шаруашылығы, KazFarm – мал шаруашылығы мен ет-сүт өнеркәсібінің көрмесі. Көрменің жалпы аумағы 20 мың шаршы метрді құрады.