Жаңалықтар
Trending

А. Сапаров: ФАО-мен ынтымақтастық – Қазақстан аграрлық саясатының басты басымдықтарының бірі

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Италияға жұмыс сапары аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) 44-сессиясына қатысып, ФАО Бас директоры Цюй Дунъюймен және ұйымға мүше елдердің өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлайды BasAgro.kz.

«Ғаламдық қауіп-қатерлер күшейіп жатқан қазіргі жағдайда ФАО-ның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі арта түседі. 2026–2027 жылдарға арналған өзекті тақырыпты – «Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында инновацияларды ілгерілету» – таңдағаны үшін ФАО-ға алғысымызды білдіреміз», – деді Айдарбек Сапаров іс-шара барысында.

Министр Қазақстанның орнықты және инновациялық ауыл шаруашылығы саласындағы аграрлық саясатының басым бағыттарын таныстырып, төрт негізгі блокты атап өтті.

Атап айтқанда, аграрлық секторды цифрландыру бағыты аясында 200 млн гектардан астам ауыл шаруашылығы алқаптарының цифрлық карталары әзірленді. Деректерді талдау және мониторингтеу технологиялары белсенді дамуда. Қолайсыз ауа райы жағдайларынан сақтандырудың автоматтандырылған жүйесі енгізілді.

Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға нақты шаралар қабылданды: мемлекет техника паркін жаңартуды лизингтік бағдарламалар арқылы ынталандыруда. Шаруалар жасанды интеллект пен агромониторинг жүйелерімен жабдықталған техникаларды белсенді түрде енгізіп жатыр, бұл өнімділіктің артуына ықпал етуде.

Ылғалды үнемдейтін технологияларды қолдану көлемі 470,1 мың гектарға жетті. Су үнемдеуді ынталандыратын инвестициялық субсидиялар мен тарифтер әзірленуде. Көміртекті егіншілік тәсілдері ілгерілетілуде, сондай-ақ «Топырақты қорғау туралы» заң әзірленуде. Аграрлық ғылым дамып келеді: НАНОЦ 27 ғылыми-техникалық бағдарламаны үйлестіруде. Шаруаларға арналған онлайн білім беру порталы құрылды, тұрақты түрде семинарлар мен дала көрсетілімдері өткізіліп тұрады.

Айдарбек Сапаров Орталық Азияда ФАО-ның агроинновациялар жөніндегі өңірлік платформасын құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Қазақстан озық шешімдерді енгізу бойынша пилоттық ел болуға дайын екенін жеткізді:

«Бізде қажетті ресурстар, инфрақұрылым және ғылыми әлеует бар. Біз ФАО-мен бірлесіп жұмыс істеуге, тәжірибе алмасуға және үздік тәжірибелерді енгізуге дайынбыз», – деді министр.

Министрдің ФАО Бас директоры Цюй Дунъюймен кездесуінде ауыл шаруашылығын орнықты дамыту, жердің тозуына қарсы күрес және аграрлық сектордың өнімділігін арттыру бойынша өзекті және келешегі бар ынтымақтастық бағыттары талқыланды.

«Жерді сақтау және ұтымды пайдалану ішкі күш-жігерді үйлестірумен қатар, халықаралық ынтымақтастықты талап етеді. Қазақстан көміртекті егіншілік қағидаттарын енгізіп, тиісті стратегиялық құжаттарды дайындауда», – деп атап өтті министр.

Кездесу соңында Айдарбек Сапаров ФАО басшылығына конструктивті диалог үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін айтты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button