Жаңалықтар

«Агрохаб: ғылым және бизнес» тақырыбында өткен конференцияда 700 млн теңгеге 10 келісім жасалды

Жыл сайын өтетін KazAgro/KazFarm-2025 көрмесі аясында аграрлық сала мамандарын біріктірген «Агрохаб: ғылым және бизнес» атты конференция-контрактация өтті.

Іс-шараға елдің барлық өңірлерінен келген «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ-тың (ҰАҒБО) 33 еншілес ұйымы қатысты.

Конференцияның басты мақсаты — Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін тұрақты дамыту үшін ғылымды, білім мен бизнесті біріктіретін бірегей алаң — Агрохабты дамыту бағыттарын талқылау.
ҰАҒБО аграрлық салада ғылым, білім, мемлекеттік және жеке секторларды біріктіруде маңызды рөл атқарады.

Орталықтың ғылыми бағдарламаларына 2400-ден астам ғалым қатысады, олардың 744-і жоғары дәйексөз индексіне (Хирш индексі) ие болған.

Ғылыми-зерттеу жұмыстары ауыл шаруашылығындағы өсімдіктер мен жануарлардың генетикалық ресурстарын сақтау, ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік,
жер мен су ресурстарын тиімді пайдалану, селекция және биотехнология салалары сынды басым бағыттарды қамтиды.

Өзекті жобалардың қатарында Қазақстан-Қытай астық орталығын құру, органикалық егіншілікті дамыту және экологиялық таза өнім өндіру, сондай-ақ жас мамандарды даярлауды атап өтуге болады.

«Агрохаб» жобасы — ҰАҒБО-ның басты стратегиялық бастамасы. Ол отандық өнімді жаһандық нарыққа шығару, агросекторда технологиялық көшбасшылыққа бағытталған кадрларды даярлау бағыттарында жұмыс істейді.

Жоспарлы жұмыстардың ішінде, ауыл шаруашылығы өнімдерінің генетикалық сәйкестендірілуі, маркерлік-селекциялық әдістерді қолдану, климатқа бейімделген егіншілікті дамыту, фермерлік шаруашылықтарды цифрландыру, AgriTech-инкубаторын құру бар.

Конференция барысында жалпы құны 700 миллион теңгеден асатын 10 маңызды келісім мен шартқа қол қойылды.

Оның қатарында ресейлік-қазақстандық Агробиотехнопарк құру туралы келісім, фитосанитарлық сүйемелдеу және ғылыми кеңес беру жөніндегі шарттар, инновациялық әзірлемелерге арналған лицензиялық келісімдер, тұқым сату және ғылыми сүйемелдеу туралы шарттар бар.

«Бұл келісімдерге қол қою — жай ғана рәсім емес, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жолындағы нақты қадам.
Ғылым, білім және бизнес ынтымақтастығы агроөндіріс сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін жаңа деңгейге көтереді», — деп атап өтті «ҰАҒБО» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Максим Сутула.

«Агрохаб: ғылым және бизнес» конференциясы ғылыми әзірлемелер мен коммерциялық бастамаларды біріктіруге қатысушылардың жоғары қызығушылығын көрсетті.

Мұндай іс-шаралар ғылыми институттар мен бизнес арасындағы байланысты нығайтып, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде технологиялық ілгерлеудің тұрақты негізін қалайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button