Жаңалықтар

Агроөнеркәсіп кешенінің 8 жаңа бағыты жеңілдетілген қаржыландыруға ие болады

Агроөнеркәсіптік кешеннің 8 жаңа бағытын жылдық 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиелендіру жоспарланып отырғанын ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен экспорттауды дамыту мәселелеріне арналған үкімет сағатында мәлім етті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдан бастап жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы жаңа бағыттарды дамытуға қаражат бөлуді қоса алғанда, қамту аясын кеңейтуде. Енді сүт-тауар фермалары, суару, көкөніс сақтау қоймалары мен құс фабрикаларынан бөлек тағы 8 сала, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар да қаржыландырылатын болады», — деді министр.

Айдарбек Сапаров 8 жаңа бағыттың тізіміне 5000 бастан тұратын ет шаруашылығы кәсіпорындары, сыйымдылығы 1000 тоннадан асатын жеміс қоймалары, өнеркәсіптік жылыжай шаруашылықтары, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындар (жүн мен теріні қоса алғанда), қуаттылығы жылына 25 тонна тауарлы балық өсіру шаруашылықтары, қуаттылығы тәулігіне 1 тонна балық өңдеу кәсіпорындары, АӨК саласындағы жобалар шеңберінде буып-түю материалдарын өндіру кәсіпорындары, құс шаруашылығындағы асыл тұқымды репродукторлар кіретінін айтты.

Басты назар 65 сүт-тауар фермасын 100 млрд теңгеге қаржыландыруға аударылады. Бұл қадам сүт өндірісін жылына 372 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button