Айдарбек Сапаров Ақтөбе облысында шегірткеге қарсы күрес шараларының барысымен танысты
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапары аясында Ақтөбе облысының Ырғыз және Шалқар аудандарына барып, үйірлі шегірткеге қарсы күрес шараларының барысымен танысты. Сапарға облыс әкімі Асхат Шахаров та қатысты.
2025 жылы өңірде шегірткеге қарсы күрес шараларын 512 мың гектардан астам алаңда жүргізу жоспарланып отыр, оның ішінде 368 мың гектар жер жерүсті тәсілімен, 144 мың гектар — авиациялық әдіспен өңделеді.
Министрге 1 маусымдағы жағдай бойынша 803,3 мың гектар алқап тексерілгені туралы баяндалды. Оның ішінде 258,7 мың гектарда шегіртке зиянкестері анықталған, ал 151,2 мың гектар жер өңделген. Мониторингке 850 маман тартылған. 95 бірлік арнайы техника, оның ішінде 9 жеңіл авиация борты жұмылдырылған. Жұмыстар жоспарлы режимде жүргізілуде.
Шалқар ауданында 29,2 мың гектар, ал Ырғыз ауданында 41,2 мың гектар жерге қорғау шаралары жүргізілді. Барлық жұмыстар жоспарлы әрі ұйымдасқан түрде атқарылуда.
Айдарбек Сапаров қатысушы барлық қызметтердің — Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциясы, жергілікті атқарушы органдар, өңірлік жедел штаб және мердігер ұйымдардың жұмысын оң бағалады.
«Фитосанитарлық жағдай тұрақты. Барлық қызметтер жедел әрекет етуде. Бұл қарқынды сақтау және егіс алқаптарына зиян келтірмеу аса маңызды. Барлық қажетті ресурстар – препараттар, техника, мамандар – жеткілікті. Қорғау шараларының циклін сапалы әрі уақытылы аяқтау қажет. Мердігерлердің жұмысына бақылауды ерекше назарда ұстау керек», – деді министр.
Қолданылып жатқан химиялық құралдардың жоғары тиімділігін шаруалар да растап отыр. Шаруа қожалықтарының басшыларының айтуынша, өңдеу жұмыстары уақытылы басталған, ал мердігерлер тәулік бойы жұмыс істеген. Қазіргі уақытта ауа райының ыстығына байланысты жұмыстар таңғы уақытқа шоғырландырылған.
Облыс әкімі Асхат Шахаров жағдайдың толық бақылауда екенін атап өтті: «Біздің басты міндетіміз – өнімнің шығынға ұшырамауын қамтамасыз етіп, фитосанитарлық жағдайдың тұрақтылығын сақтау. Аудандық және облыстық штабтар белсенді жұмыс істеуде. Қажет болған жағдайда күштерді – техниканың санын және зерттеу топтарының құрамын арттыруға дайынбыз. Барлық мәселелер жеке бақылауымызда», – деді ол.
Салыстырар болсақ, 2024 жылы үйірлі шегірткелердің таралуы 784 мың гектар деп болжанған еді, бірақ нақты қорғау шаралары 857 мың гектарды қамтыды — жоғары биологиялық тиімділікпен және оңтайлы мерзімдерде. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының егістіктерінің зақымдануына және зиянкестердің көршілес мемлекеттердің шекаралас аумақтарына көшуіне жол бермеді.