Айдарбек Сапаров ФАО Бас директоры Цюй Дунъюймен кездесу өткізді
Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде министр Айдарбек Сапаров БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Бас директоры Цюй Дунъюймен кездесті. Цюй Дунъюй Қазақстанға ресми сапармен келді.
Кездесу барысында тараптар агроөнеркәсіптік кешенді орнықты дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану салаларындағы Қазақстан мен ФАО арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын талқылады.
Айдарбек Сапаров ФАО-ның Қазақстанға ерекше көңіл бөлетіні үшін алғыс білдіріп, техникалық көмектен де асып түсетін стратегиялық серіктестіктің маңыздылығын атап өтті. Бұл серіктестік еліміздің аграрлық секторын жүйелі трансформациялау үдерісінің бір бөлігіне айналуда.
«Біздің ынтымақтастығымыз бірнеше бағыт бойынша дамуда. Астанада ФАО-ның байланыс және серіктестік бюросы ашылғаннан бері Қазақстан Орталық Азиядағы жаңа форматтағы – бірлесіп қаржыландыру негізіндегі терең әріптестікке көшкен алғашқы ел болды. Бұл бізге жаһандық күн тәртібіне қатысып қана қоймай, оны қалыптастыруға ықпал етуге мүмкіндік береді. Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы – жай ғана маңызды сала емес, бұл – азық-түлік қауіпсіздігінің және орнықты экономикалық өсудің тірегі. Біз Орталық Азияның астық қамбасы ретінде танылып, дәнді және майлы дақылдарды өндіру мен экспорттау бойынша жетекші орын алып отырмыз», – деді Айдарбек Сапаров, АӨК саласындағы жетістіктер туралы айта отырып.
2024 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 13,7%-ға өсіп, 8,3 трлн теңгені құрады. Кездесуде өнімділікті арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемнің 80 еліне экспорттау, сондай-ақ Қазақстанның жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі индексінде 9 позицияға жоғарылағаны ерекше атап өтілді.
Министр ведомствоның үш негізгі стратегиялық мақсатын атады: инновациялар мен цифрлық шешімдерді енгізу арқылы АӨК өнімділігі мен тиімділігін арттыру; өңделген өнім үлесін ұлғайту және 4,8 млрд доллардан асатын 600-ден астам инвестициялық жобаны жүзеге асыру; климаттық сын-тегеуріндерге төзімділікті қамтамасыз ету, оның ішінде көміртекті егіншілікті дамыту және жер ресурстарын орнықты пайдалану.
ФАО Бас директоры Қазақстанның жетістіктерін жоғары бағалап, бұл елмен серіктестіктің маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстанға сапарлап келгеніме қуаныштымын, себебі қазіргі жаһандық азық-түлік жүйесі тиімді әрі орнықты өзгерістерді қажет етеді. Орталық Азия мен Қазақстанның астық қамбасы ретіндегі рөлін нығайта түсу үшін біз жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Біз елге техникалық көмек көрсету, инвестициялар тарту және мемлекеттік саясатты жетілдірумен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ынтымақтастықты күшейтуге және бірлесіп жұмыс істеуге ниеттіміз», – деді Цюй Дунъюй.
Кездесу соңында тараптар ФАО-ның серіктестік бағдарламасы аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен, жекеменшік сектор және ғылыми мекемелермен өзара іс-қимылды кеңейтуге өзара мүдделілік бар екенін растады.