Айдарбек Сапаров Қостанай облысында шегірткеге қарсы жүргізіліп жатқан күрес шараларымен танысты
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңірге жасаған жұмыс сапары барысында егін шаруашылығын үйірлі шегірткеге қарсы күреске бағытталған фитосанитариялық шаралардың барысымен танысты, деп хабарлайды BasAgro.kz.
Қазіргі таңда облыс аумағында мониторингтік зерттеулер жүргізіліп жатыр, бес ауданда күрес шаралары белсенді түрде жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстарға аса жеңіл авиация мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қоса алғанда, 59 бірлік арнайы техника тартылған.
Бүгінгі күні 322,85 мың гектар немесе жоспарланған аумақтың 49,7%-ы өңделді. Қолданылып жатқан препараттардың тиімділігі 82% деңгейінде бағалануда.
Айдарбек Сапаров агродрондарды қолдану арқылы жүргізілген өңдеу сапасын тексеріп, арнайы техникалар паркін қарап шықты.
«Шегірткелер бар, бірақ ошақтар оқшау, жағдай бақылауда. Техника тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр, мамандар үнемі байланыста, шұғыл әрекет етеді. Менің ойымша, шаруашылықтар тек бақылаушы болмауы тиіс. Егістікке тікелей қауіп болмаса да, алдын алу маңызды. Біз өз алқаптарымызды тұрақты түрде тексеріп отырамыз және алғашқы белгілер байқалған сәтте бірден өңдеу жүргіземіз. Бұл — қалыпты жұмыс тәсілі», — деді «Бердыбаев» шаруа қожалығының басшысы Сәкен Бердыбаев.
Мердігерлердің айтуынша, өңдеуді белгіленген мерзімде аяқтау үшін техника мен препараттар жеткілікті.
«Мониторингтен бастап өңдеуге дейінгі барлық кезеңдердің уақтылы әрі үйлесімді орындалуы маңызды. Қостанай облысында жұмыс дұрыс ұйымдастырылған: бәрі кестеге сай жүргізілуде, кешігулер жоқ. Жағдай толық бақылауда. Басты міндетіміз — зиянкестердің таралуына жол бермеу. Бұл — жүйелі жұмыс, әрі ауыл шаруашылығының тұрақтылығы мен елдің азық-түлік қауіпсіздігі тікелей осыған байланысты», — деп атап өтті министр.
Айта кетейік, 2025 жылға арналған фитосанитариялық болжамға сәйкес, Қазақстанда үйірлі шегірткенің таралуы шамамен 2,1 млн гектар аумақты қамтиды деп күтілуде. Елдің 15 облысында 1,7 млн гектарға химиялық өңдеу жүргізілді.