Жаңалықтар
Trending

Айдарбек Сапаров СҚО АШТӨ-мен өнімді қайта өңдеуді дамыту мәселелерін талқылады

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров «Масло-Дел Петропавловск» ЖШС-де болып, сүт өңдеу, ет өңдеу кәсіпорындарының, сондай-ақ астықты терең өңдеу зауыттарының басшыларымен кездесті, деп хабарлайды BasAgro.kz.

Министр саланың отандық шикізаттан бәсекеге қабілетті және сапалы өнім өндірудің үлкен әлеуеті, сондай-ақ майлы дақылдарды, астықты терең өңдеу және ет-сүт өнімдерін қайта өңдеу бойынша жоғары экспорттық әлеуеті бар екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылданды, астықты терең өңдеу және экспортты дамыту жөніндегі Кешенді жоспардың жобасы әзірленуде», — деді Айдарбек Сапаров.

Саланы дамыту үшін мемлекеттік қолдаудың нақты шаралары көзделген.

Атап айтқанда, қолданыстағы өндірістерді салу және кеңейту кезінде шығындардың бір бөлігін өтеу, ҚҚС-ты 70%-ға төмендете отырып салықтық преференциялар, айналым қаражатын толықтыруға жеңілдікті кредиттер және т.б. Ағымдағы жылы қайта өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын жылдық 5%-бен толықтыруға 48 млрд теңге бөлу жоспарлануда.

Қабылданатын және жоспарланатын шараларды іске асыру өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін 70%-ға дейін ұлғайтуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ майлы дақылдар өнімдерінің өндірісі мен экспортының өсуіне ықпал етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, министр фермерлердің өнім экспортына, жаңа нарықтар ашуға, шикізат өндірісін ұлғайтуға және т. б. қатысты сұрақтарына жауап берді.

Содан кейін Айдарбек Сапаров құрылысы 2024 жылдың қараша айында аяқталған жаңа май экстракциялық зауыттың жұмысымен танысты. Жылына 370 мың тонна шикізатты қайта өңдеу қуаты бар кәсіпорын «Масло-Дел» ЖШС компаниясының бес өндірістік объектісінің біріне айналды. Жобаның құны 34 млрд теңгені құрады.

Жыл сайын майлы дақылдар мен сүт өнімдерін ірі өңдеуші 150 мың тоннадан астам дайын өнім, оның ішінде күнбағыс және зығыр майлары, күнжара және шрот шығарады.

Министрге қазіргі уақытта зауыт 50%-ға жүктелгені айтылды. Шикізат Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарының фермерлерінен, сондай-ақ Ресей Федерациясынан сатып алынады.

2025 жылдың сәуірінде экстракция желісінің іске қосылуы өндірістік қуаттылықтың 100%-на қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ағымдағы жылдың соңында лецитин өндіру үшін өсімдік майын терең өңдеу цехын іске қосу жоспарлануда.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button