ЖаңалықтарМақала
Тренд

Айтылды — орындалды: Дәнді дақылдарды терең қайта өңдеу Қазақстанның агроөнеркәсіптік өсімінің қозғаушы күшіне айналуда

Дәнді дақылдарды терең қайта өңдеуді дамыту – агроөнеркәсіптік кешеннің стратегиялық дамуының негізгі басымдығы. Бұл сала өнімнің қосылған құнын арттырып қана қоймай, елдің экспорттық әлеуетін нығайтып, инвестиция тартуға ықпал етеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Қазақстан алдағы 10 жыл ішінде дәнді дақылдарды терең қайта өңдеу өнімдерінің әлемдік өндірушілері мен жеткізушілерінің үздік ондығына кіруі тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігі шикізат базасын қамтамасыз ету, инвестиция тарту және білікті кадрларды даярлау бағытында кешенді шаралар қабылдап жатыр.

Қазіргі уақытта Қазақстанда дәнді дақылдарды терең қайта өңдеумен айналысатын үш кәсіпорын табысты жұмыс істеп тұр.

Олардың қатарында: Жетісу облысындағы «Жаркент крахмал-сірне зауыты» – жылына 150 мың тоннаға дейін жүгері өңдеп, крахмал, сірне, глюкоза-фруктоза шәрбаты және мал азығын өндіреді; Алматы облысындағы «АзияАгроФуд» – жылына 60 мың тонна жүгері өңдеп, крахмал, сірне және крахмал шәрбатын шығарады; Солтүстік Қазақстан облысындағы «БиоОперейшн» – жылына 300 мың тонна бидай өңдеп, крахмал, глютен, биоэтанол және мал азығын өндіреді.

Саланы ынталандыру мақсатында салықтық және қаржылық жеңілдіктер қарастырылған: ҚҚС мөлшерін 70%-ға дейін төмендету; кәсіпорындарды құру және кеңейту кезінде инвесторлардың шығындарының 50%-ына дейін өтеу; негізгі және айналым қаражаттары бойынша несиелердің пайыздық мөлшерлемесін арзандату; айналым қаражатын жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру.

2028 жылға дейін дәнді дақылдарды терең қайта өңдеуді дамытуға бағытталған үш ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

Атап айтқанда: «Fufeng Group Company Limited» (Жамбыл облысы) – жылына 1 млн тонна жүгері өңдеп, крахмал мен аминқышқылдарын өндіру; «Dalian Hesheng Holdings Group Co., Ltd» (Ақмола облысы) – жылына 1 млн тонна бидай өңдеп, глютамин қышқылы, лизин, треонин, полимол қышқылы және биопластик өндіру; «CITIC CONSTRUCTION CO. LTD» (Қостанай облысы) – жылына 1 млн тоннаға дейін астықты кезең-кезеңімен өңдеу. Өнімдері: фруктоза, клейковина, лимон қышқылы, лизин және т.б.

Аталған жобаларды іске асыру Қазақстанға терең қайта өңдеу өнімдерінің түрлерін айтарлықтай кеңейтуге, экспорттық әлеуетті арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button