Жаңалықтар

Әлеуметтік нан өндірісіне 13 млрд теңгеден астам субсидия бөлінеді

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру бағытында қабылданып жатқан шаралар жөнінде айтты. Ведомство басшысының айтуынша, биыл арзандатылған бидайға жылдық қажеттілік 308 мың тоннаны құрайды, деп хабарлайды basagro.kz.

Оның айтуынша, «Азық-түлік корпорациясының» сату бағасын ескере отырып, субсидия мөлшері тоннасына 45 мың теңгені құрайды.

«Бұл 13,8 млрд теңге көлемінде қаражат бөлуді талап етеді. Қаржы министрлігіне тиісті бюджеттік өтінім енгізілді. Аталған шаралар өңірлердің ұн тартатын кәсіпорындарын 90 мың теңге белгіленген бағамен бидаймен қамтамасыз етуге және нанды қолжетімді бағамен өндіруге мүмкіндік береді», деді Ербол Қарашөкеев.

Министрдің пікірінше, екінші маңызды мәселе – көктемгі науқанды оңтайлы мерзімде өткізу. Банк ставкаларының өсуін ескере отырып, «Азық-түлік корпорациясы» форвардтық сатып алуды қаржыландыру үшін қажетті қаражат көлемін бөле алмайды.

«Көктемгі науқанды форвардтық сатып алу арқылы қаржыландыру сомасын ұлғайту үшін бюджеттен «Азық-түлік корпорациясының» жарғылық капиталына 70 млрд теңге бөлу ұсынылады», деп қосты ведомство басшысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button