Жаңалықтар

Алматы облысында 573 млрд теңгенің өнімі өндірілді

Биыл Алматы облысында ауыл шаруашылығы саласында 573 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында шаруаларға 26 млрд теңгеден аса субсидия берілген. Өңір республикада ет өндіру бойынша 1-орынға шығып, өндіріс көлемі 214 мың тоннаға жеткен. Бүгін осы саланы дамытуға ат салысып жүрген мамандар бас қосып, ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі күнін атап өтті.

Техникасы сайланған шаруалардың ғана көңілі жай болары анық. 2024 жылдың 10 айында өңірде жалпы құны 4,6 млрд теңге болатын 365 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Шаруалар су үнемдеу әдісіне де біртіндеп ауысып жатыр. Жаңадан 8 жоба іске қосылған.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

Су үнемдеу техникаларын пайдаланатын алқаптарды 2 есеге ұлғайттық. Былтыр 20 мың гектар болса, қазір 43 мың гектар болды. Көрмедегі бір ғана трактор зауыты Көкшетаудағы 90 техниканы осы жерде сатты. Былтырға қарағанда біз техника жаңартуын 1,5-2 есеге ұлғайттық.

Мамандардың кәсіби мерекесіне орай ауыл шаруашылығы саласындағы үздік мекемелер мен шаруа қожалықтары марапатталды. Арасында белсенді қызметкерлер мен ұйым өкілдері де бар. Оларға түрлі мемлекеттік наградалар мен қаржылай сыйақылар табысталды.

Ерік Айдарбаев, «Парасат» орденінің иегері:

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумы өтті. Бұл жиында келелі әңгімелер айтылып, өзекті мәселелер көтерілді. Бүгін міне, Алматы облысының шаруалары бас қосып жатырмыз. Мұндай қолдау бізге саланы одан ары дамытуға, өндірісті ұлғайтуға сеп болады.

Шараға жиналғандар ауыл шаруашылығы дамымай, экономика өркендемейтінін алға тартты. Алматы облысының бұл салада әлеуеті жоғары. Өңірдің мамандары қазір агроөнеркәсіптік кешенін ғылыммен ұштастыра отырып, өркендетуді қолға алған. Себебі өңірдің 70 пайыз жері осы салаға өте қолайлы.

Source
Qazaqstan TV

Басқа жаңалықтар

Back to top button