Жаңалықтар

Аманғали Бердалин Түркістан облысында болды

2024 жылғы 9 қараша ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды. Сапардың мақсаты эпизоотиялық қауіпсіздікті талқылау, ветеринариялық-алдын алу шараларын жүргізу және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысу болды, деп хабарлайды BasAgro.kz.

Жұмыс сапары барысында вице-министр кеңес өткізіп, облыстағы эпизоотиялық жағдайға ерекше назар аударды. Ол жергілікті жерлердегі жұмыс деңгейінің төмендігін, азық-түлік және биологиялық қауіпсіздікке бақылаудың жеткіліксіздігін, сондай-ақ шекаралардағы бақылаудың әлсіздігін атап өтті.

Вице-министр ветеринариялық қызметкерлердің тәртіп деңгейінің төмендігін сынға алып, міндеттерін тиісті түрде орындамағаны үшін 33 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын айтты. Сонымен қатар бір сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық анықталды.

Кеңес барысында Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының жаңа басшысы – Қалдыбеков Сүндетәлі ресми түрде таныстырылды. Вице-министр азық-түлік және биологиялық қауіпсіздік, экспортталатын малды карантинге қою, анықталған заңбұзушылықтарды жою және алдын алу шараларын уақытылы жүргізу бойынша бақылауды күшейтуге тапсырма берді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау шараларын қабылдауды тапсырды.

Бағдарлама аясында Аманғали Бердалин австралиялық ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау технологиясын қолдана отырып, бес инвестициялық жобаның іске асырылуымен танысты.

«Қайып Ата» ЖШС іске асыратын және Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тираждау шеңберінде кредиттелетін жобалардың құны 55,2 млрд. теңгені құрайды.

Алғашқы ауқымды жоба Арыс қаласы маңында іске асырылып жатыр және бастапқыда 15 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау кешенінің құрылысын қамтиды, кейіннен бұл сан 10 мың басқа ұлғайтылатын болады. Қазіргі уақытта 25 мың басқа арналған кешен жұмыс істеп тұр, оны 50 мың басқа дейін кеңейту жоспарлануда. Құрылыс жұмыстарының бірінші кезеңі биылғы жылдың желтоқсан айында аяқталады. Бұл кешенді Орта Азиядағы ең ірі ет өндірушілер қатарына қосып, өңірлік нарықтағы мал шаруашылығы саласындағы позицияларын нығайтуға мүмкіндік береді.

Екінші жоба – 4500 га аумақтағы жем-шөп дақылдарын жаңбырлатып суару әдісімен өсіру. Жоба аясында кәсіпорын заманауи тракторлар мен қондырғыларды, John Deere тұқым себу кешенін және неміс өндірісіндегі Siloking жемшөп таратқыштарды сатып алды. Алайда, «Turkistan» ӘКК арқылы уақытылы бөлінбеген қаржы жобалардың табысты іске асырылуына елеулі қатер төндіреді. Уақтылы қаржыландырылмаса, кәсіпорын 2025 жылғы көктемгі егіс науқанына үлгермей, бөлінген жерлерге жем-шөп дақылдарын егуді жүзеге асыра алмауы мүмкін. Бұл өз кезегінде бордақылау кешенінің тиімділігін төмендететін жем-шөп тапшылығына алып келуі ықтимал.

Үшінші жоба – Сайрам ауданында сағатына 20 тонна гранулаланған құрама жем өндіретін зауыттың құрылысы. Құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде.

Аманғали Бердалин төртінші жоба – мал биржасының жүзеге асырылу барысымен де танысты. Барлық қажетті жабдықтар сатып алынған, ал құрылыс-монтаждау жұмыстары түрік «AgroFine» компаниясымен бірлесе жүргізілетін болады. Мал биржасы 4000 бас ірі қара малды, 5000 бас ұсақ малды және 3000 жылқыны қамтиды.

Бесінші жоба – бір ауысымда 5000 бас ұсақ мал мен 1500 бас ірі қара малды союға арналған ет комбинатының құрылысы. Жобалық-сметалық құжаттама дайын, облыс әкімдігімен бірлесіп жер учаскесі таңдалып, қажетті инфрақұрылым жүргізілуде.

Сапар соңында вице-министр Сырым Ертаев басқаратын «Қайып Ата» ЖШС қызметін оң бағалап, кәсіпорынның мал шаруашылығы саласын дамыту мен инновацияларды енгізуге қосқан елеулі үлесін атап өтті. Барлық инвестициялық жобалардың табысты аяқталуы Қазақстанның экспорттық әлеуетінің артуына және жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал ететін болады.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button