Жаңалықтар

АӨК-дегі субсидиялардың арқасында техниканы жаңарту қарқыны 2,8 есе артты

Бүгін Мәжілістің Пленарлық отырысында Жоғарғы аудиторлық палатаның ауыл шаруашылығындағы субсидиялау жүйесін тексеру нәтижелері талқыланды, деп хабарлайды BasAgro.kz.

АӨК-дегі субсидиялаудың тиімділігін келесі көрсеткіштер дәлелдейді: өсімдік шаруашылығы саласында субсидия алушылар 2023 жылы әр гектардан 18,5 центнер өнім алды, бұл ел бойынша орташа өнімділік көрсеткішінен (10 ц/га) жоғары. 2024 жылы бұл көрсеткіш 25-30 центнерге жетіп, республикалық орташа деңгейден асып түсті.

Құс және мал шаруашылығы салаларында да өндіріс көлемінің тұрақты өсуі байқалуда. Соңғы 5 жылда құс шаруашылығының етпен қамтамасыз ету деңгейі 55%-дан 73%-ға дейін өсті. Тек 2022-2023 жылдары өндіріс көлемінің өсімі 16%-ды құрады. Бұл – өте жақсы көрсеткіштер. Мысалы, «Айтас» холдингі 5 жыл ішінде өндіріс көлемін 5,5 есеге арттырып, жылына 160 мың тонна өнімге жетті. Ал «Әулие Ата Феникс» ЖШС өндіріс көлемін 3 жылда екі есеге ұлғайтып, 5 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін жеткізді.

Сүт өндірісінде заманауи СТФ-нда орташа сүт сауымы бір сиырға жылына 7800 литрді құрады, ал көшбасшылар 11 мың литрден өнім алып, әлемдік стандарттарға сай көрсеткішке жетті. 2021 жылы ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы орташа сауым көлемі жылына 4400 литр болған еді.

Салыстырмалы түрде алсақ, 2014 жылы техниканы жаңарту деңгейі жылына бар болғаны 2%-ды құрап, 5 мың бірлік техника сатып алынған. Ал қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 5,5%-ға жетіп, аграршылар жылына 22 мың бірлік заманауи техника сатып алуда.

Ауыл шаруашылығы саласында 14 бағыт бойынша субсидиялау жүргізіледі. 90 мың тіркелген пайдаланушы бар және жыл сайын 224 мың өтінім түседі. Мұндай көлемді ескере отырып, қателіктер мен олқылықтар болуы мүмкін. Дегенмен аудит нәтижесінде 943 млрд теңге қамтылған сомаға шаққанда 0,2%-ды құрайтын 2 млрд теңге көлемінде қаржылық заң бұзушылықтар анықталды. Бұл жүйенің жалпы қалыпты жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді.

2023 жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарық 10 тауарлық позиция бойынша 100%-дан астам қамтамасыз етілген, оның ішінде: бидай ұны, тұз, нан, күріш, макарон, күнбағыс майы, картоп, қой еті, сиыр еті және сәбіз.

14 азық-түлік тауары бойынша қамтамасыз ету деңгейі 80%-дан жоғары, олардың қатарында: тауық жұмыртқасы, қияр, жылқы еті, қызанақ, сүт, қарақұмық жармасы, қырыққабат, бұрыш, шошқа еті, пияз, қызылша, қышқыл сүт өнімдері, сары май және алма бар.

2024 жылы субсидиялаудың тиімділігін арттыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі бірқатар шараларды қабылдады. 2024 жылы 450 млрд теңге субсидияның 50%-ы қаржы құралдарына, негізінен несие мен лизингтің пайыздық мөлшерлемесін арзандатуға бағытталмақ. Оның соңғы алушылары – екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттары. Өзгерістер енгізіліп, фермерлер таза 5% мөлшерлемемен арзандатылған несие алатын болды.

Бұл тәжірибе мал шаруашылығы, өңдеу салаларының айналым қаражатына және инвестициялық мақсаттарға ұзақ мерзімді қаржы бөлу үшін жалғастырылатын болады. Негізгі міндет – саланы ресурстармен қамтамасыз ету. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жалпы өнім көлемін арттыру түрінде қарсы міндеттемелер енгізілді. Министрлік тексеру нәтижелері бойынша барлық деректер мен ұсыныстарды назарға алды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button