ЖаңалықтарИнфографика
Тренд

Ақмола облысында дәнді дақылдарды терең өңдеу жобасына «Hopefull Grain & Oil Group» компаниясы 1,5 млрд АҚШ долларын инвестициялайды

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Қытайдың «Hopefull Grain & Oil Group» компаниясының өкілдерімен кездесті.

Келіссөз барысында тараптар Ақмола облысында дәнді дақылдарды терең өңдеу зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру мәселелерін талқылады.

Компанияның еліміздегі жоба жетекшісі Яо Яо мырза қазақстандық тарапқа көрсетілген қолдау үшін алғысын білдіріп, компанияның аграрлық салада ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін атап өтті.

Жобаның қолға алынуы 2024–2025 жылдардағы екіжақты келіссөздердің нәтижесі деуге болады. Жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстел (KGIR-2025) аясында Ақмола облысы әкімдігі мен «Hopefull Grain & Oil Group» компаниясы арасында дәнді дақылдарды терең өңдеу зауытын салу жобасын іске асыру туралы стратегиялық келісімге қол қойылды.

Компания экологиялық таза технологияларды пайдалана отырып, дәнді дақылдарды терең өңдеуге бағытталған жоғары технологиялы агроөнеркәсіптік кешеннің құрылысына 1,5 миллиард АҚШ долларын инвестициялауды жоспарлап отыр.

Жобаны іске асыру екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде – жаңартылатын энергия көздерінен қуат өндіретін жылу электр орталығын (ЖЭО) салу көзделген. Екінші кезеңде – лимон қышқылын, глюкоза-фруктоза шәрбаттарын, биоэтанолды, мал азықтық және ақуызды концентраттарды өндіруге бағытталған дәнді дақылдарды терең өңдеу зауыты іске қосылады.

Бұдан бөлек, инвестор қажетті энергия, көлік және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген индустриялық парк құру мүмкіндігін де қарастырып отыр.

Кездесуді қорытындылай келе, вице-министр Ермек Кенжеханұлы:

«Ауыл шаруашылығы министрлігі дәнді дақылдарды терең өңдеуді дамыту мен отандық өнімнің қосылған құнын арттыруға бағытталған маңызды жобаны іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын»,-деп атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button