Жаңалықтар

«Атамекен» палатасы су саласын дамыту шараларын ұсынды

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстанның су саласын дамыту жөніндегі шараларды ұсынды. Атап айтқанда, су ресурстары жөніндегі комиетке дербес мемлекеттік орган мәртебесін беру, кадр мәселесін шешу, инфрақұрылымды жаңарту шараларын қабылдауға шақырады. Бұл туралы Basagrokz тілшісі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Палата сайтында жарияланған хабарламада айтылғандай, бүгінде Қазақстанда жалпы ұзындығы 19,5 мың шақырым болатын су каналдары бар, 3298 канал егістіктерге су жеткізеді. Олардың жартысы жөндеу мен қайта жаңартуды қажет етеді. Әлемде су ресурстарының жыл сайынғы қысқаруын, сондай-ақ климаттың өзгеруін ескере отырып, бұл мәселеге аса жауапкершілікпен қарау қажет. Ұлттық палатаның сарапшылары бұл мәселеге жауапты әрі ұтымды қарау керек деп санайды.  Осыған байланысты маңызды аспектілерге сүйенуді ұсынады.

«Біріншіден, Су ресурстары жөніндегі комитетті Экология министрлігінің қарамағынан шығарып, дербес мемлекеттік орган мәртебесін беру керек. Тәжірибеге сүйенсек, комитет дербес шешім қабылдай алмайтын, бағынышты орган. Дербестік министрліктің жоғары тұрған басшылығының пікіріне қарамастан, барлық бағыт – суару, су айдындарын сақтау, ауыз су, трансшекаралық өзендер бойынша мәселелерді шешуге мүмкіндік береді», – дейді АӨК департаментінің бірінші санаттағы сарапшысы Әділ Қасқарауов.

Маманның айтуынша, қоғамдық қатынастарды реттеу және белгілі бір мемлекеттік шараларды қолдану мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында салалық заңдар қабылдау қажет. Мәселен, Қазақстанда «Жерді мелиорациялау туралы», «Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы», «Сумен жабдықтау және су бұру туралы» заңдар жоқ. Кейбір заң жобасы бұрын талқыланған, бірақ, өкінішке қарай, қабылданбаған. Сондықтан, екіншіден, осы заңдарды қабылдау саланың көптеген мәселесін реттеуге мүмкіндік береді.

«Үшіншіден, кадр мәселесіне, әсіресе тар шеңберлі мамандар: гидротехниктер, геологтар, гидрологтар, инженерлер тапшылығына ерекше назар аударған жөн. Әсіресе өңірлерде білікті мамандар жеткіліксіз», – деді спикер.

Қазақстанда су каналдарының жартысынан көбі жөндеуді және қайта жаңартуды талап етеді. Елде су жеткізудің жер үсті әдісі әлі күнге дейін қолданылады, егер су бетон науалар арқылы егістіктекке жетсе жақсы, бірақ көптеген жерде су әлі күнге дейін жер төсемімен ағады. Салдарынан судың көп мөлшері тіпті егістіктерге жетпейді, буланып кетеді немесе жерге сіңеді. Су ысырап кетіп жатыр. Сарапшылар құрылыс шығындарына қарамастан, су шығынын азайту үшін магистральдық құбырлар салу мүмкіндігін қарастыру қажет деп санайды.

«Төртіншіден, инфрақұрылым жаңарса, ұзақ мерзімді перспективада өнімділік пен рентабельділікті орта есеппен 30-40%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты суаруды дамытудың мемлекеттік тәсілін қайта қарау қажет. Барлық канал мемлекетке тиесілі екенін ескере отырып, суару жүйесін реттеу келтіру керек. Бұл ретте ирригациялық инфрақұрылымды қайта құру және қалпына келтіру кезінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің әлеуетін пайдалану жөніндегі шараларды қарастыруды ұсынамыз. Ирригациялық желілерді салуға жеке инвесторларды тарту мемлекеттік бюджет шығындарын бірнеше есе қысқартуға және суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деп толықтырды Ұлттық палата өкілі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button