Жаңалықтар

«Ауыл аманаты» бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда?

 

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша тапсырмаларын орындау және «Айтылды — орындалды» рубликасы аясында есеп дайындады.

Айтылды:

«Ауыл — Ел бесігі» және «Ауыл аманаты» жобалары ауылдық аумақтарды дамытудың жаңа тұжырымдамасының негізі болуы тиіс. Топырақтың құнарлылығын сақтау және жақсарту, ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануға бақылауды күшейту, өнімділікті арттыру және дақылдарды әртараптандыру бойынша жүйелі шаралар қажет «(Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылған ҚР Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында).

Орындалды:

Бағдарламаны іске асыру 2022 жылы Ақтөбе және Жамбыл облыстарында басталды. Ол үшін республикалық бюджеттен 9 млрд теңге, оның ішінде Ақтөбе облысына 3 млрд теңге, Жамбыл облысына 6 млрд теңге бөлінді. Ақтөбе облысында 3 млрд теңгеге 691 шағын несие, Жамбыл облысында 6 млрд теңгеге 1 207 шағын несие бөлінді.

«Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға 2023 жылы республикалық бюджет қаражатынан 100 млрд теңге бөлініп, 17 мың шағын несие беруге жоспарланған. Бұл ауылда 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінде бөлінген қаражаттың барлығы қаржыландыру жоспарына сәйкес облыс әкімдіктеріне аударылды. Айта кетейік, қаражат ауыл шаруашылығы, қаржы министрліктері мен облыс әкімдіктері арасында жасалатын үшжақты несие шартына сәйкес аударылады.

6 қарашадағы жағдай бойынша 88,4 млрд теңгенің 14 284 өтінімі қаралуда, 66,2 млрд теңгенің 10 878 өтінімі мақұлданды; 53,6 млрд теңгеге 8 761 шағын несие берілді. ШҚО-да (1,5 млрд теңге), Қостанай (1,6 млрд теңге) және Павлодар (1,5 млрд теңге) облыстарында қаражат толық игерілді.

«Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2024 жылы 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру аясында 2024 жылы — 100 млрд теңге; 2025 жылы — 50 млрд теңге; 2026 жылы — 50 млрд теңге қарастырылған.

Айтылды:

«Ауыл аманаты» бағдарламасы сұранысқа ие екенін дәлелдеді. Оны дамытудың келесі кезеңі жеңілдетілген несиелер беру ғана емес, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперациялауды ынталандыру болуы тиіс» (Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауынан).

Орындалды:

Бағдарламаны іске асыру тетігін жетілдіру үшін АШМ «Ауыл аманаты» шеңберінде кредит берудің негізгі шарттары мен тәртібін регламенттейтін қағидалар жобасын әзірледі. Жалпы негізгі шарттар қолданыстағы жағдайларға ұқсас болып қалды, алайда бірқатар өзгерістер бар. Біріншіден, бағдарламаға қатысушылардың нақты тізімі анықталды:

  • жұмыссыздар;
  • ЖК ретінде мемлекеттік тіркеусіз табыс алу мақсатында тауарларды өндіру (өткізу), жұмыстарын орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар және (немесе) әрекетсіз ЖК;
  • Отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар;
  • Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, сату (айырбастау) үшін жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіру жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар;
  • «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қызметін жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы кооперативтері;
  • Ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп келе жатқан жеке кәсіпкерлер.

Екіншіден, әрбір ауылдық округті несиелендірудің басым бағыттарын анықтау бойынша талаптар қарастырылған. Бұл ретте мал шаруашылығы бағыты бойынша бағдарламаға бөлінген қаражаттың 50% -ынан аспайтын лимит белгіленген.

Үшіншіден, жобаларды іріктеудің негізгі өлшемдері анықталды. Бұл шара шағын несиелендіруге арналған жобаларды сапалы іріктеуге мүмкіндік береді және қаражаттың қайтарымдылығын арттырады.

Жобаларды іріктеудің негізгі критерийлері:

  • Жобаның басым бағыттарына сәйкестігі;
  • Тұрақты жұмыс орындарын ашу;
  • Жобаны іске асыру жоспарланған ауылдық елді мекенде немесе шағын қалада өтінім берілген күнге үміткердің тұрғылықты жері бойынша кемінде 12 ай тұрақты тіркелуінің болуы;
  • Жаңа, бұрын пайдаланылмаған техниканы, жабдықтарды сатып алу.

Жеңіл автокөлік сатып алуға шағын несие берілмейді; жақын туыстарының ауыл шаруашылығы жануарларын; ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау шеңберінде шағын несие беру қаражаты есебінен бұрын сатып алынған ауыл шаруашылығы жануарларын, сондай-ақ кейін жалға беру үшін ғимараттарды, үй-жайларды сатып алуға, тұрғын үйлерді салу немесе басқа да ғимараттарды салуға шағын несие берілмейді.

Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерінің несиелерді мақсатты пайдалану туралы есебін автоматтандыру және қарыз алушыға шағын несиелерді беру үшін АӨК-тегі экономикалық саясатты талдау орталығымен бірлесіп, бағдарлама бойынша шағын несиелеудің ақпараттық жүйесін құру жұмыстарын атқаруда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button