Жаңалықтар

«Ауыл аманаты» бағдарламасына 100 млрд теңге бөлінді

Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл Аманаты» бағдарламасын іске асыру басталды.

2023 жылы бағдарлама аясында 17 мың шағын несие беру үшін 100 млрд теңге бөлінді. Қаражаттың негізгі бөлігі Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе және Алматы облыстары үшін қарастырылған. Ал, қарапайым ауыл тұрғындарының тұрмысын түзеп, кәсіп ашуына мүмкіндік беретін бағдарламаға биыл бірқатар өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда, несие алуға ауылдық елдімекендермен қатар, шағын қалалар қосылды. Бағдарлама қаражатының 50 пайыздан аспайтын бөлігі мал, құс, балық сатып алуға беріледі. Биыл бұл мақсатта республикалық бюджеттен 13,2 млрд теңге қарастырылмақ. Нәтижесінде 62 ауылдық округінде жаңадан 62 кооператив құру жоспарланып отыр. 2640 жоба қаржыландырылып, 4500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Осы мақсатта биыл Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдері, микроқаржы ұйым жетекшілерінің басшыларымен жиын өткізген болатын. Онда Облыс әкімі әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған игі жобаны егжей-тегжейлі талдап, су үнемдеу технологияларын қолдануды арттыру, дақылдарды өсіру және өндірістерді ашуға болатын қолайлы аймақты анықтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Пилоттық жобада жинақталған тәжірибені ескере отырып, биылғы бағдарламаға енгізілген өзгерістердің бірі — жобаға қатысушыларға тұрақты жұмыс орындарын құру мінеттеледі. Сондай-ақ бөлінген қаражатқа техника сатып алып, жабдықтармен қамтылуы тиіс. Бөлінген қаржыға жеңіл автокөлік сатып алуға болмайды. Және ауыл шаруашылығы жануарларын жақын туыстарынан сатып алуға тиым салынады.

– «Ауыл аманатының» нәтижесін ел көріп отыр. Жаңа жобалаларды үйлестіруде бағыттарға басты назар аудару керек. Әр ауданның өз брендін қалыптастыруға назар аударыңыздар. Мысалы, Бәйдібек, Сайрам аудандары десе, ел мал шаруашылығын еске түсіреді. Шардара десек, балық өндіру дамыған аймақ екенін білеміз. Сол секілді бұрын Сарыағаш десе, ел жүзімді алқаптарды айтатын. Сонықтан әр аймақтың өзіндік ерекшелігін қарастыра келе, сол бағытқа бет бұру. Жаппай бәрі мал өсіріп, не қызанақ егіп, қалған салалар құр қалмау керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысында өткен жылдан бері 19,8 млрд теңгеге 3200-ден астам жоба қаржыландырылды. 16 ауданның 64 ауылдық округінде жаңадан 75 кооператив құрылып, 3,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Халықтың 80 пайыздан астамы ауылды жерлерде тұратын Түркістан облысына пилоттық жобаға қатысатын 32 ауылдық округте тұратын мыңдаған адам қатысты. Сондай-ақ 16,4 га алаңға 328 жылыжай құрылысы қаржыландырылды. Жоба аясында 21 трактор, 2 комбайн алынып, 19 қайта өңдеу орындары ашылды.

– Етті бағыттағы ірі қара малдың саны 5 714 басқа, сүтті бағытта 22 400 басқа, жылқы саны 2 500 басқа, ұсақ мал 14 286 басқа артты. Ауыл тұрғындары мал бордақылап, балық өсіруді қолға алды. Енді бірі шағын кәсіпкерлікті дамытуда. Бағдарламаның игілігі жөнінде халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысы жүргізілді. «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты — ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған, — деді өз баяндамасында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Жан-жақты зерделенген жобада ауыл азаматтары кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала отырып, техниканы лизингке рәсімдеуге мүмкіндік алады. Несие немесе микронесиенің мерзімі — 5 жыл болса, мал және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобаларға 7 жылға дейін беріледі.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығын дамыту, мал, құс, балық шаруашылықтарын дамыту, кооперативтерді техникамен жабдықтау және өз кәсібін ашу.

Басқа жаңалықтар

Back to top button