Ауыл шаруашылығына инвестиция көлемі 3,2 трлн теңгеге жетеді – АШМ
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев аграрлық сала алдындағы негізгі міндеттерді атап өтті, деп хабарлайды Basagro.kz
Фото: ашық ақпарат көзі
«Бүгін біздің Министрлік агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша жоспарлы жұмысты жалғастыруда. Қиындықтар мен күрделі жағдайларды ескере отырып, саланы реформалау және қайта құру жүріп жатыр. Мен отандық АӨК-нің негізгі міндеттеріне тоқталамын. Біріншіден, еңбек өнімділігін үш есеге арттыру (ауыл шаруашылығында бір жұмыспен қамтылғандарға 3,4 млн теңгеден 9,3 млн теңгеге дейін). Екіншіден, АӨК өнімінің экспортын 3 есеге (3,5 млрд АҚШ долларынан 9,9 млрд АҚШ долларына дейін) ұлғайту», — деді Ербол Қарашөкеев Сыртқы істер министрлігінде Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы ұйымдастырған семинарда.
Оның айтуынша, АӨК экспортының жалпы көлемі 70% — ға артады.
«Сондай-ақ, барлық азық-түлік тауарлары бойынша кем дегенде 90% деңгейінде, оның ішінде қантты қоспағанда, импортқа тәуелді 5 тауар бойынша толық өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізілетін болады. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялар көлемінің 4 есе өсуі қамтамасыз етіледі және 3,2 трлн теңгеге дейін жеткізіледі. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін адами әлеуетке де, экономика инфрақұрылымына да инвестицияларды кеңейту қажет», — деп атап өтті ведомство басшысы.