Жаңалықтар
Тренд

Ауыл шаруашылығы министрлігінде аквашаруашылық және балық ресурстарын дамыту мәселелері қаралды

Алқа отырысына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағынысты ұйымдарының басшылары, облыс аралық бассейндік балық шаруашылығы инспекцияларының жетекшілері, облыс әкімдерінің орынбасарлары жиыны 180-нен астам адам қатысты.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров балық шаруашылығы – экономикалық өсімді қамтамасыз ететін және халықты жұмыспен қамтудың маңызды салаларының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, балық шаруашылығын дамытудың негізгі өсу нүктесі ретінде дәл осы аквашаруашылық анықталған.

«Аквашаруашылықты дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Маңызды қадам ретінде осы жылдың 12 маусымында Мемлекет басшысы «Аквашаруашылық туралы» Заңға қол қойды. Бұл заң саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, балық өнімдерін өндіру мен экспортты ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың балық тұтыну мүмкіндігін арттыруға бағытталған», – деді министр.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша балық өнімдері нарығының көлемі 85,5 мың тоннаға жеткенін атап өтті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22%-ға жоғары. Табиғи су айдындарында 38,5 мың тонна балық ауланған, ал балық шаруашылықтарында 20,9 мың тонна балық өсірілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда сәйкесінше 10% және 15% көп. Сонымен қатар, 2025 жылы балық шаруашылығын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасына сәйкес балық өсіру көлемі 30 мың тонна деңгейінде жоспарланған, оның 70%-ы жүзеге асырылған.

2025 жылы аквашаруашылықты дамыту аясында жалпы инвестиция көлемі 6,4 млрд теңге болатын 8 инвестициялық жоба іске асырылуда. 2025–2030 жылдарға арналған кезеңде жалпы құны шамамен 50 млрд теңге болатын 44 ірі жобалардың пулі құрылды, олардың іске асырылуы балық өсіру, өңдеу және жем өндірісінің көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Саланың цифрландыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. 2027 жылдан бастап «E-fish» базасында аквашаруашылықты дамытудың ақпараттық жүйесі енгізілетін болады, ол аквашаруашылық субъектілерінің қызметін мониторингтеуді, есепке алуды және талдауды қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, мемлекеттік қолдаудың көлемі айтарлықтай артқаны атап өтілді. Мәселен, 2021 жылдан бастап субсидиялау 7 есе өсіп, 2025 жылы 3,5 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар, аквашаруашылық саласындағы жобаларға 2,5% жылдық жеңілдетілген мөлшерлемемен бюджеттік несиелеу механизмі іске асырылуда.

Отырыста кейбір аймақтардың балық өсіру көлемі бойынша белгіленген көрсеткіштерге жете алмай отырғаны айтылды. Осыған байланысты, әкімдіктерге инвесторларды тарту және мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану жұмыстарын жандандыру тапсырылды.
Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермагамбетов балық ресурстарын қалпына келтіру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды.

«Аквашаруашылық туралы» Заңды жүзеге асыру аясында 60-тан астам ведомствоаралық нормативтік құқықтық актілер қабылданды, инвестжобаларға арналған балық шаруашылығы су айдындарын бекіту механизмдері, су беру және ұңғыма қазу үшін субсидиялау, сондай-ақ су айдындарын тиімді пайдалану шаралары қарастырылған.

Сонымен қатар, сала дамуын тежейтін жүйелі мәселелер бар, соның ішінде білікті кадрлардың жетіспеушілігі, импорттық жемдерге тәуелділік және балық тұқымының жеткіліксіздігі. Оларды шешу үшін заманауи жем зауыттарын салу, балық питомниктерін жаңғырту және дуалды оқыту тәжірибесін кеңейту жобалары жүзеге асырылуда.

Атырау облысындағы осетровтық балық өсіру зауытын жаңғырту жұмыстарына айрықша көңіл бөлінді, бұл мемлекеттік кәсіпорындардың құнды балық түрлерін жасартуды төрт есе арттыруға мүмкіндік береді.

Отырыс соңында министр аквааквашаруашылықты дамытудың ауыл шаруашылығы кешенінде шағын және орта бизнесті дамытуға, ауылдық жерлерде жұмыс орындарын құруға және аймақтық әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге әсер ете алатынын атап өтті.

«Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақытылы және сапалы орындауды тиімді жалғастыру маңызды және балық шаруашылығы саласын одан әрі қарқынды дамыту қажет», – деп қорытындылады министр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button