Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен кеңесте 2025–2026 жылдардағы ауыл шаруашылығы жануарларын қыстатуға дайындық барысы қаралды, деп хабарлайды BasAgro.kz.
Іс-шараға облыс әкімдерінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы басқармаларының, ведомстволық ұйымдар мен аумақтық бөлімшелердің басшылары қатысты.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, өткен жылы 34 млн тонна шөп жиналған, бұл малды сәтті қыстатуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта 9 млн тоннадан астам шөп, сүрлем және пішендеме қорда бар.
Аманғали Бердалин ұйымдасқан мал шаруашылығы құрылымдарын жемшөппен қамтамасыз етудің маңыздылығына, соның ішінде пішендеме мен сүрлем өндіруге ерекше назар аударды.
Бекітілген Жол картасына сәйкес биыл 3,329 млн га алқапқа мал азықтық дақылдар егу жоспарланған еді, ал көктемгі егіс қорытындысы бойынша нақты 3,349 млн га себілді (жоспардың орындалуы – 100,6%).
Биыл 24,5 млн тонна шөп, 1,7 млн тонна пішендеме, 2,1 млн тонна сүрлем дайындау жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда 3,1 млн тонна шөп дайындалды. Жемшөп жинау жұмыстары оңтүстік өңірлерде, сондай-ақ Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында қарқынды жүргізілуде.
Сонымен қатар, бірқатар өңірлерде жемшөп дайындау қарқыны өте төмен.
Осыған байланысты министр Айдарбек Сапаров өңірлерде жұмысты шұғыл жандандыру қажеттігін атап өтті.
«Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалар іске асырылып жатқан өңірлерде жоспарлардың орындалмауына жол беруге болмайды. Әкімдіктер мал азығын дайындау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс», – деді министр.
Кеңес соңында Айдарбек Сапаров жемшөп дайындау жоспарын толық орындауды, жеке қосалқы шаруашылықтарды азықпен қамтамасыз ету шараларын күшейтуді, сондай-ақ мал шаруашылығына қатысты инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде тиісті жемшөп базасының болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Мал азығын дайындау және ауыл шаруашылығы жануарларын қыстатуға дайындық мәселелері министрліктің тұрақты бақылауында болады.