Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық түрлері бойынша өндірістің өсуі байқалады

Ауыл шаруашылығы министрі Үкімет отысында 2022 жылы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту қорытындылары туралы  есеп берді, деп хабарлайды basagro.kz.

Ербол Қарашөкеевтің ақпараты бойынша былтыр жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 9,1% ұлғайып, 9,3 трлн теңгені құрады. Бұл өсімдік шаруашылығы өнімін өндірудің 15%-ға ұлғаюы есебінен мүмкін болды. Қолайлы ауа-райы егін жинау науқанын тоқтаусыз өткізуге және 22,8 миллион тонна астық жинауға мүмкіндік берді. Бұл соңғы 10 жылдағы   ең жақсы астық дақылдарының көрсеткіші болып отыр.

Мал шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 0,9%-ға ұлғайып, 3,6 трлн. теңгені құрады. Министр ет өндіру көлемі тірідей салмақта 0,4%-ға (шамамен 2,2 мың тонна), сиыр сүтін өндіру көлемі 2%-ға (6,3 мың тонна), тауық жұмыртқасын өндіру көлемі 4,4%-ға (5 млн. дана) өскенін атап өтті.

2022 жылы тамақ өнімдерін өндірісі 3,9% өсу динамикасын көрсетіп, ақшалай есепте 2,9 трлн. теңгені құрады. Елімізде өсімдік майы, қант, жарма, ұн, шұжық және макарон өнімдері көбірек өндіріле бастады.

«2022 жылы 241,3 млрд. теңге сомасына 267 жоба пайдалануға берілді. Жобалар саны бойынша 2022 жылға арналған жоспар орындалды. Нәтижесінде, есепті кезеңде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 6,9%-ға ұлғайып, 855,7 млрд. теңгені құрады», – деді министр.

Жалпы саладағы бұл өсім негізінен фермерлердің үйлесімді жұмысының және АӨК-дегі  ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау, агроөнеркәсіптік кешенде инвестициялық жобаларды іске асыру және тағы басқалар бойынша Үкімет қабылдаған шаралардың арқасында қамтамасыз етілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button