
Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Азат Сұлтанов өңірдің тұрғындарымен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті, деп хабарлайды BasAgro.kz.
Абай облысының жалпы өңірлік өніміндегі ауыл шаруашылығының үлесі 9%-ды құрайды, сонымен қатар оның әрі қарай өсу әлеуеті жоғары болып қала береді.
«Президент бізге ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру міндетін қойып отыр. Бұл үшін заманауи агротехнологияларды кеңінен енгізу, тұқым сапасын арттыру, тыңайтқыштарды пайдалану, техниканы жаңарту және асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту қажет болады. Мемлекет басшысының тапсырмасын тиімді орындау үшін барлық жағдай жасалған. Биыл көктемгі егіс және орақ жұмыстарына жеңілдетілген несиелендіру көлемі 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтылғанын білесіздер. Абай облысының 196 шаруасы ерте қаржыландыруды пайдаланды және бүгінде мол өнім алуға үміттеніп отыр», — деп атап өтті Азат Сұлтанов.
Министрдің міндетін атқарушының айтуынша, Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы техникасын жыл сайын 8–10%-ға дейін жаңарту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында отандық техниканы жеңілдетілген лизингпен беру бағдарламасына жылдық 5% мөлшерлемемен 250 млрд теңге бөлінген. Бұл биылғы жылы 6 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға мүмкіндік береді. Абай облысының шаруалары 13,5 млрд теңге сомаға 237 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға өтінім берген.
Мал шаруашылығын дамыту бойынша да нақты шаралар қабылдануда: 1 тамыздан бастап ІҚМ мен ҰМ бордақылау алаңдарын жылдық 5% мөлшерлемемен 50 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы іске қосылды. Сондай-ақ ІҚМ мен ҰМ асыл тұқымды мал басын сатып алуға жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беретін «Игілік» бағдарламасы әзірленуде.
«Жеңілдетілген несиелерді тиімді пайдалану үшін біз мемлекеттік қолдау тетіктеріне бірқатар өзгерістер енгіздік – фермерлерді тікелей субсидиялаудан кредиторларды, техника өндіруші зауыттарды, тыңайтқыштар мен су жеткізушілерді субсидиялауға көштік. Бұл шаралар субсидиялаудың ашықтығын арттырады, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді. Өндірілетін өнім көлемін арттыру бойынша қарсы міндеттемелер енгізілді. Мұның бәрі мемлекет жұмсаған әрбір теңгенің ең жоғары қайтарымын қамтамасыз ету үшін қажет — бұл өндіріс көлемінің өсуі, фермерлер табысының артуы және жалпы елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қол жеткізу», — деді Азат Сұлтанов.
Кездесу барысында қатысушылар жер қатынастары, субсидиялау, ІҚМ мен ҰМ бордақылау алаңдарын жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасының шарттары, терең өңдеу жобаларын қаржыландыру мәселелері бойынша сұрақтарына жауап алды.
Одан кейін Азат Сұлтанов азаматтарды жеке қабылдау өткізді.