Биыл Ақмола облысына 550 млрд теңгеден астам инвестиция салынады: қандай жобалар іске асырылады
Өңір басшысы Марат Ахметжанов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында атап өткендей, бүгінде 400 млрд теңгеден астам тартылды. Іске асырылған жобалардың ішінде АӨК саласындағы жобалар бар. Атап айтқанда, бұршақ және дәнді дақылдарды қайта өңдеу кешені. Құрама жем мен жарма өндіретін зауыттың құрылысы аяқталу сатысында, құс фабрикасын, диірмен комбинатын салу жоспарлануда. 2027 жылға дейін АӨК саласына 132 млрд теңгеден астам инвестиция тарту көзделген.
«Сондай-ақ, шетелдік компаниямен астықты терең өңдеу бойынша ірі зауыт салу туралы келісімге қол қойдық. Құны 650 млн доллар болатын бұл жоба мың жұмыс орнын құрып қана қоймай, елдің экспорттық әлеуетін де арттырады», — деді Марат Ахметжанов.
Сонымен қатар, күкірт қышқылы зауытының, кірпіш зауытының, сондай-ақ алюминий прокатын шығаратын зауыттың екінші желісін салу жоспарлануда. Жобалардың бірі — локомотивтер шығаратын зауыт, келешекте онда жылына 360 бірлік өнім дайындалмақ.
Туризм саласында Бурабай және Ақкөл аудандарында екі көпфункционалды жоба жоспарланған.
«Өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту үшін республикалық маңызы бар «Aqmola» индустриялық аймағы құрылды. Оның аумағында өз өндірістерін орналастыруға мүдделі инвесторлар пулы жасақталды. Мысалы, көлік-логистикалық орталық, ауыл шаруашылығы агрегаттарының отандық өндірісін құру. Сондай-ақ, елордада «Aqmola Invest» инвестициялар тарту орталығы ашылды. Бұл инвесторларды тартуға және сүйемелдеуге баса назар аударылатын елордадағы жалғыз өңірлік фронт-офис», — деп атап өтті Ақмола облысының әкімі.