Жаңалықтар
Trending

Danone Қазақстандағы өндірісін жылына 40 мың тоннаға дейін ұлғайтады

Бүгін “Astana 2025” халықаралық форумы аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Франция Республикасының Еуропа және сыртқы істер министрлігі жанындағы министр-делегаты Лоран Сен-Мартенмен екіжақты кездесу өткізді. Ол шетелдегі француз бизнесін қолдау және сыртқы сауда мәселелеріне жетекшілік етеді, деп хабарлайды BasAgro.kz.

Кездесуге Орталық Азия, Кавказ және Моңғолия бойынша Danone компаниясының корпоративтік мәселелер жөніндегі директоры Азамат Ромазанов та қатысты.

Келіссөздер барысында тараптар АӨК саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, соның ішінде Алматы облысындағы Danone зауыты базасында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Danone Berkut компаниясы сүт өнімдерін өңдеу саласындағы жобаларды дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат өңдеу сапасын арттыру, экспорттық әлеуетті ұлғайту және Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатында ынтымақтастықты көздейді.

Қазіргі уақытта зауыт жылына 18 мың тонна жоғары технологиялық сүт өнімдерін шығарады, оның 33,3%-ы Орталық Азия, Кавказ және Моңғолия елдеріне экспортталады.

Компания өндірістік қуаттарды кеңейту және жаңғырту бағытында белсенді инвестиция салуда. Соңғы үш жыл ішінде зауытқа 1,47 млрд теңге инвестиция құйылып, бұл өндіріс көлемін 63%-ға арттыруға мүмкіндік берді.

2025–2026 жылдар аралығында кәсіпорынды кеңейтуге қосымша 6 млн еуро инвестициялау жоспарланып отыр, соның нәтижесінде жылдық өндіріс көлемі 40 мың тоннаға дейін жеткізілмек.

– Danone компаниясының өндірістік қуатты кеңейту, жаңа желілерді іске қосу және технологиялық процестерді жаңғырту жөніндегі инвестициялық жоспарларын құптаймыз. Министрлік жобаны іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Бұл бастама Қазақстанды Азия мен Таяу Шығыс елдеріне сүт өнімдерін жеткізетін сенімді серіктес ретінде нығайта түсетініне сенімдімін, – деді Айдарбек Сапаров.

Өз кезегінде Азамат Ромазанов өндірісті алдағы жаңғырту өнім түрлерінің ауқымын және экспорттық жеткізілімдерді едәуір кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті. 2027 жылға қарай Danone Орталық Азия, Кавказ және Моңғолия елдеріне экспорт көлемін екі есеге арттырып, Қытай мен Таяу Шығыс нарықтарына шығуды жоспарлап отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button