Жаңалықтар

Дархан Сатыбалдының Сарыағаш тұрғындарымен кездесуінде өткір мәселелер ашық айтылды

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш тұрғындарымен кездесті.

Кездесуде өзекті мәселелер ашық айтылды. Тұрғындар күрмеуі шешілмеген түйткілдерді тарқатып, ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды облысты, ауданды дамыту жұмыстарын қысқаша баяндап, тұрғындардың сұрақтарын тыңдады.

– Сарыағаш ауданының мүмкіндікі өте жоғары. Экономиканы, өндірісті, ауыл шаруашылығын дамытуға болады. Біз ауданды дамытуға назар аударып отырмыз. Мысалы «Жайлы мектеп» жобасы арқылы Сарыағаш ауданында 10 мектеп салынады. Бұл – үлкен қолдау. Білім сапасын көтеру, осы саладағы жемқорлықты жою күш салып жатырмыз. Инвестиция тарту, яғни, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу, агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су үнемдейтін технологияларды кеңінен пайдалану да назарымызда тұр. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Сарыағаш ауданында 2023 жылы 13 елді мекенде 30 жобаны іске асыруға 2,8 млрд. теңге бөлінді. Әлеуметтік нысандар Мәдениет үйлері, мектептер жөнделіп және салынып, инфрақұрылым жақсарды. 2024 жылы 8 елді мекенде 21 жобаны іске асыру үшін 3,8 млрд. теңге қаралды. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1,8 млрд. теңгеге 283 жоба қаржыландырылды. Сарыағаш ауданында 21 мектептің интернет жүйесі толық іске қосылды, – деген Дархан Сатыбалды ауданда орындалмаған идикаторларды да ашық айтып, аудан әкімі мен басқарма басшыларына жұмысты күшейту жөнінде тапсырма берді.

Ауданда жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 43 пайызға өсіп, 2023 жылы 277 млн. теңгеге жеткен. Биыл 3 айда бұл көрсеткіш 48 млн. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға өскен. 2023 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 35 млрд. теңгені құрап, жоспар 9 млрд.теңгеге артығымен орындалды. 2024 жылға негізгі капиталға салынған инвестиция тарту жоспары 37 млрд. теңге көлемінде бекітілген. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 47 пайызға өсіп, 2023 жылы 23 мыңға жетті. Ауыл шаруашылығының өнім көлемі былтыр 136 млрд. теңгені құрап, артығымен орындалды.

Кездесуде Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың есебінен кейін тұрғындардың өтініштері, сұрақтары тыңдалды. Сарыағаштықтар білім саласындағы жемқорлық, газбен қамту, ауыз су, пәтер, денсаулық сақтау, тазалық және өзге де салаларға қатысты мәселелерді көтерді.

Одан кейін облыс әкімінің жеке қабылдауы өтті. Оған басқарма басшылары мен құқық қорғау органдарының бастықтары қатысты. Мұнда да түйткілдер тарқатылып, арыз-шағымдар, өтініштер тыңдалды. Әрбір мәселе бақылауға алынып, тиісті жұмыс жүргізіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button