Жаңалықтар

Дүлей дауылдан зардап шеккен халыққа уәде етілген көмектің бір тиыны жетпеген

Жамбыл облысында дүлей дауылдан зардап шеккен шаруаларға бөлінген бюджеттің бір тиыны жетпеген. Соның салдарынан шаш еттектен шығынға баттық деген жұрт өз жыртығымызды өзіміз жамап жатырмыз деп жыларман. Айтуларынша атқарушы билік бүлінген құрылыс материалдарын беріп мәселені жылы жаба салуға тырысады. Ал халық жергілікті билік жәрдемін алаламай жалпы жұртқа теңдей бөлсін деп талап қояды, деп хабарлайды basagro.kz 31-арнаға сілтеме жасап.

Жойқын жел жапырып кеткен қойлы ауылдағы көрініс осы. Үш тәулік толастамай соққан боран қора-қопсыны осылай жермен-жексен еткен. Шығынын айтып шаруалар шенділерге шағымын жеткізген. Бірақ бюджеттен бөлінетін қаржының шарапатын сезбедік дейді.

– Сонда біз тоқалдан тудық па? Неғып бізге бөлінбейді қаражат? 3 млн тенге шығын шығып тұр. 3 млн-ды алайын да мен малымды сатайын да базаға қамалып отырайын ба?! Абырой болғанда мал шығыны жоқ. Боран күні қорадағы бар малды сайға өргізіп аман алып қалдық дейді шаруалар. Бірақ қорасыз қыстап шығу қиын. Сондықтан жермен жексен болған қора-жайды өз күштерімен жамап-жасқауға мәжбүр, — деді  Майтөбе ауылының тұрғыны Жомарт Бекмырзаев.

– Қораның төбесін ұшырды. Шифр ұшты. Біраз рейкалар кетті. Амал жоқ енді мал сатып, орнына келтіру керек қой, — дейді ашуланған Жұбаныш Жазыпбаев.

Ал аудан басшылары шаруалар айтқан шағымды біледі. Алайда жәрдем етуге шарасыз. Өйткені осындай төтенше жағдайда бөлінетін қаржыны үкімет бекіткен қаулыға сәйкес бәріне бірден бәсірелеп бере алмайды екен.

– Зардап шеккен объектілерге шығындарын өтеу қаулысы негізінде шаруашылық және тұрмыстық қалдықтарды және заңсыз соғылған нысандарды шығындарын өтеу қағидаға жатпайды, — деді Талас аудан әкімінің орынбасары Медет Рүстемов.

Желі басылса да әлі дауы басылмаған Таластағы жағдайға әкімдік әрекетсіз емеспіз дейді. Қайта шаруаларға жәрдем беру заңда жоқ болса да заңсыздыққа барғанын айтып марқаяды.

– Шаруа қожалықтарының өтініштерін тыңдай отырып Қаратау қаласындағы шатыры ұшқан мекемелерден шыққан материалдарды, көмек ретінде үлестіріп берудеміз, — деді шенеунік.

Осылайша жақсылық жасаймыз деп жаман атты болдық деген жауаптылар бар көмекке шаруалардан қайта «рақмет» күтеді. Қалада ұшқан көпқабатты үйлердің шатыры, басқа да жарамды құрылыс материалдарын үлестіріпті. Дау басына дәл осы себеп болған. Ел бүлінгенді емес бүтін құрылыс материалын берсін дейді. Бүлінгеннен бүлдіргі алу ырымға жат, жарамсыз материалдан қорамыз қырық жамау деп бас тартып отыр. Жалпы 20 күн бұрын болған жойқын жел Талас пен Сарысу аудандарының тіршілігін тұралатып тастаған болатын. Қазір келген залалдың бәрі қалпына келтірілген. Айта кетейік бораннан 12 шаруашылық зардап шеккен.

Басқа жаңалықтар

Back to top button