Жаңалықтар
Trending

Елімізде рекордтық көлемде астық жиналды

Биыл көктемгі су тасқынына қарамастан, 26,7 млн тонна астық жиналды. Бұл – кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли Egemen Qazaqstan газетінде Президенттің агроөнеркәсіп кешенін дамыту бастамалары туралы айтып берді.

– Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыруға айрықша мән береді. Шетелге сапарларында осы саланың инвестициялық мүмкіндіктерін ұдайы таныстырып жүреді. Биыл көктемгі су тасқынына қарамастан, 26,7 млн тонна астық жиналды. Бұл – кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Мұны мемлекеттің диқандарға көрсеткен жүйелі қамқорлығы мен қолдауының нәтижесі деуге болады, – деп жазды Берік Уәли.

Биыл көктемгі егін және жиын-терін жұмыстарына 5 пайыз мөлшерлемемен тікелей жеңілдетілген несие беріле бастады. Ол үшін алғаш рет жарты триллион теңгеден аса қаржы қарастырылды.

– Негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті азайту – маңызды міндет. Осы бағытта бірқатар жоба іске асырылды. Дәнді-дақылдар селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту туралы кешенді жоспар қабылданды. Диқандар отандық тұқыммен қамтамасыз етілуге тиіс, — дейді кеңесші.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін жылына 8-10 пайызға дейін жеткізу үшін 120 млрд теңге бөлінді. Техниканы 5 пайыздық мөлшерлемемен лизингке беру бағдарламасы басталды.

Өндірілген азық түлікті сақтап, тұтынушыға жеткізуге қойма-логистика кешендері керек. Алдағы жылдары сыйымдылығы 700 мың тонна болатын қоймалар салынады.

– Жалпы, биыл алғаш рет өткен Қазақстанның ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі міндеттері айқындалды. Онда көптеген іс-шарамен қатар, қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылданғаны айтылып, енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам ретінде Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құру жөнінде тапсырма берілді, — деді Б. Уәли.

 

Source
Kazinform

Басқа жаңалықтар

Back to top button