Елордалық оқушыларға төтенше жағдай кезінде не істеу керектігі түсіндірілді
Астана қаласының Орталық саябағында орналасқан Esil camp демалыс аймағында Нұра ауданының төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері «Бала қауіпсіздігі – басты мақсатымыз» атты іс-шара өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Құтқарушылар елордалық оқушыларға өрт қауіпсіздігінің негізгі ережелері, төтенше жағдай кезіндегі әрекет ету тәртібі және өртті тез сөндіру жолдары туралы түсіндірді. Сонымен қатар, мамандар судағы қауіпсіздік ережелері бойынша да нұсқаулық өткізді.
«Жаз – демалыс пен каникул маусымы. Біздің міндетіміз – демалыс орындарында қауіпсіздікті сақтау жолдарын түсіндіру. Біз балаларға өрт шыққан жағдайда оны қалай сөндіру керек екенін көрсетіп, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету ережелерін де үйреттік», – деді Нұра ауданы төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғаныс аға лейтенанты Бағдат Мұзафаров.