
Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы Қазақстанда Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп семинар өткізіп, TCP/KAZ/4001 жобасының нәтижелерін таныстырды. Бұл елімізде сүт шаруашылығын дамыту бойынша ұзақмерзімді бағдарламаны әзірлеуді қолдауға бағытталған.
Жоба ФАО-ның техникалық қолдауымен жүзеге асырылып, Қазақстандағы сүт секторының бәсекеге қабілеттілігін, өнімділігін және инвестициялық тартымдылығын арттыруға, оның дамуын халықаралық озық тәжірибелер мен ауыл шаруашылығын дамытудың ұлттық басымдықтарына сәйкестендіруге бағытталған.
Қатысушылар Қазақстандағы сүт секторын және оның өндіріс-сату тізбегін кешенді бағалаудың нәтижелерін алға тартты.
Іс-шара аясында аталған саланы дамытудың ұзақмерзімді бағдарлама жобасы ұсынылып, оны жүзеге асыру жоспары мен секторға инвестиция тарту жөніндегі жол картасы таныстырылды.
Пікірталастар тұрақты өсімді қамтамасыз ету, өндірісті жаңғырту және сүт өндірісінің тиімділігін арттыру үшін қажетті басым бағыттарға арналды.
Сондай-ақ, өндіріс-сату тізбегін нығайту, өнімділікті арттыру және сүт саласына инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау мәселелері бойынша пікір алмасу жүргізілді.
«Сүт секторын дамыту бойынша ұзақмерзімді бағдарламаны әзірлеу – Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және отандық мал шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолындағы маңызды қадам. Ауыл шаруашылығы министрлігі ФАО-ның техникалық қолдауын жоғары бағалайды. Ол сектордың тиімділігін арттыру, тұрақты өсімді ынталандыру, өндірісті жаңғырту және инвестиция тарту бойынша негізгі қадамдарды анықтауға мүмкіндік берді», – деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы департаментінің директорының орынбасары Қайрат Көшенов.
Семинар ұсынылған стратегиялық құжаттарды пысықтау, пікір алмасу және маңызды мәселелерді талқылау алаңы іспетті болды. Пікірталастардың қорытындысы бағдарламаны әрі қарай жетілдіруге және оның тиімді жүзеге асырылуын қолдауға септігін тигізеді. Бұл, өз кезегінде, Қазақстандағы сүт секторының тұрақтылығын және ұзақмерзімді дамуын нығайтады.



