Жаңалықтар
Trending

ФАО Қазақстанға ветеринариялық диагностикаға арналған заманауи генетикалық анализатор табыстады

Азық-түлік және ауыл шаруашылығы жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйымы (ФАО) Қазақстанның Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығына Applied Biosystems компаниясы шығарған SeqStudio Flex 8 жоғары дәлдіктегі генетикалық анализаторын табыстады, деп хабарлайды BasAgro.kz.

Бұл жабдық сібір жарасы, эмкар және бруцеллёз сияқты қауіпті жұқпалы ауруларды диагностикалау үшін қолданылады.

— Біз ФАО-ның қолдауын жоғары бағалаймыз және «Біртұтас денсаулық» тұжырымдамасы аясында жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға дайынбыз. Жаңа анализатор аса қауіпті жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын молекулалық-генетикалық дәл сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Патогендерді генотиптеу — олардың шығу көзін және таралу жолдарын анықтауда, әсіресе эпизоотиялық ахуал мен трансшекаралық қауіптер жағдайында өте маңызды, — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.

Анализатор бактериялық дақылдарды анықтаудың негізгі әдістерінің бірі — 16S rRNA генін секвенирлеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сенімді техникалық қолдау мен шығын материалдарын тұрақты жеткізу мүмкіндігі SeqStudio Flex 8 құрылғысын ветеринариялық зертханаларда қолдануға оңтайлы шешім етеді.
Анализатордың табысталуы — ФАО мен Қазақстан арасындағы табысты ынтымақтастықтың тағы бір айғағы.

Бұл серіктестік адамның, жануарлардың және қоршаған ортаның денсаулығын біріктіретін «Біртұтас денсаулық» тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button