Жаңалықтар
Trending

Fufeng Group Қазақстанда жүгеріні терең өңдеу жобасын іске асыруда

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен қытайлық Fufeng Group компаниясының өкілі Ван Яньдун арасындағы кездесу барысында Жамбыл облысында ірі агроөнеркәсіптік жобаны жүзеге асыруға бағытталған инвестициялық келісімге қол қойылды, деп хабарлайды BasAgro.kz.

Министр атап өткендей, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары аясында екі ел басшыларының қолдауымен экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтылыс расталды.

«Инвестициялық келісімге қол қою – елдеріміз арасындағы серіктестік қатынастарды дамытудағы маңызды кезең. Бұл жоба біз үшін өте маңызды, оны жүзеге асыруда Министрлік жан-жақты қолдау көрсететін болады»,- деді Айдарбек Сапаров.

Уағдаластықтар аясында Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін зауыттың құрылысын салудың алғашқы кезеңінде Fufeng Group (ЖШС «Shengtai Biotech») шамамен 350 миллион АҚШ долларын инвестициялайды. Жобаның жалпы құны 800 миллион АҚШ долларына бағаланып отыр.

Жоба жүгеріні жылына 1 миллион тоннаға дейін өңдейтін өндірістік қуаты бар тік интеграцияланған өнеркәсіптік парк құруды көздейді. Кешен құрамына крахмал өндіретін зауыт, үш биоферментациялық зауыт, көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциясы, ағынды суларды тазарту станциясы кіреді.

Болашақта тұз қышқылы мен сұйық аммиак сияқты химиялық компоненттер өндіретін кәсіпорындар салу жоспарлануда.

Кәсіпорынның өнімдері құрамында аминқышқылдары мен жемшөп қоспалары болады: лизин, глутамин, глутамин қышқылы, лейцин, треонин және басқалар. Экспорттың негізгі бағыттары – Еуропа, Солтүстік Африка және Таяу Шығыс нарықтары болмақ.

Өндірістік қуаттарды іске қосу 2029 жылға жоспарланған. 2032 жылға қарай жүгеріні өңдеу көлемі жылына 5 миллион тоннаға дейін жеткізіледі.

Инвестициялық жобаны іске қосуға дайындық аясында инвестор 2025 жылы 500 мың тонна жүгері сатып алады. 2026 жылы жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен форвардтық келісімшарттар жасасу жоспарлануда.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button