Іс-қимыл жоспары: АШМ Президенттің тапсырмаларын қалай орындайды?
Ауыл шаруашылығы министрлігі Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған Мемлекет Басшысының тапсырмаларын орындау бойынша жедел шаралар әзірледі. Ол туралы Үкімет басшысына Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндады, деп хабарлайды basagro.kz тілшісі.
Атап айтқанда, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың соңына дейін АӨК-те іске асырылған инвестициялық жобалар саны 237-ге жеткізілетін болады. Әзірге елімізде құны 214 млрд теңге болатын 227 жаңа кәсіпорын іске қосылды. 2025 жылға дейін 2,6 трлн теңгеге 800 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Сақтау инфрақұрылымын құру және қоймалар тапшылығын азайту мақсатында көкөніс қоймаларын салу мен жаңғыртудың кешенді жоспарын іске асыру жалғасады, оның шеңберінде 2021-2022 жылдары жоспардағы қуаттылығы 181,5 мың тонналық көкөніс қоймаларының орнына 201,1 мың тонналық сақтау орындары енгізілді, бұл жоспардың 111%-ы. 2025 жылдың соңына дейін жалпы сыйымдылығы 135 мың тонна көкөніс қоймасы қосымша іске қосылады. Бұл республиканың қоймаларға жетіспейтін қажеттілігін жабуға мүмкіндік береді.
Қайта өңделген өнім көлемін ұлғайту және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыру үшін жаңа қайта өңдеу кәсіпорындарын салуды, жұмыс істеп тұрғандарын жаңғыртуды және тиеуді көздейтін шаралар кешені әзірленді. 2025 жылға дейін қайта өңдеу бойынша 149 жаңа инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, бұл жоғары қайта бөлу өнімдері өндірісінің өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Субсидиялау жүйесін реформалау шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шикізатты ішкі нарыққа, оның ішінде отандық қайта өңдеу кәсіпорындарына жеткізу бойынша қарсы міндеттемелер алуы көзделуде», — деді Ербол Қарашөкеев.
Мемлекет басшысының астық қолхаттары институтын дамыту жөніндегі тапсырмасы шеңберінде қолданыстағы заңнамаға астық қолхаттарын кредиттеу үшін кепілзатпен қамтамасыз ету деп тану бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады. Сондай-ақ екінші деңгейдегі банктерде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік берумен ұқсастығы бойынша мемлекеттік деңгейде арнайы кепілдік беру қорын құру мүмкіндігі қаралатын болады.
«Шағын несиелеу есебінен ауыл шаруашылығы кооперациясын белсенді дамыту арқылы ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны іске асыру басталды. 7 жыл ішінде осы мақсаттарға 1 млн — нан астам ауыл тұрғынын қамтып және кооперативтік кәсіпкерлікке 350 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, сондай-ақ барлық ЖҚШ-ның жартысын тарта отырып, 1 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр», — деп толықтырды министр.
2023 жылы жобаны іске асыруға барлық облыстардың әкімдіктеріне 11 мың микрокредит беру және 12 мыңнан астам жұмыс орнын құру мақсатында 52,4 млрд теңге бөлінетін болады.
Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақтылы және сапалы орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады.