ЖаңалықтарМақала
Тренд

KazAgro/KazFarm-2025 көрмелері Астанада өтуде

Астанадағы «EXPO» халықаралық көрме орталығында Орталық Азиядағы ең ірі ауыл шаруашылығы көрмелері – KazAgro/KazFarm-2025 өтіп жатыр, деп хабарлайды BasAgro.kz.

Биылғы шараға Германия, Чехия, Австрия, Беларусь, Иран, Ресей және Қытайды қоса алғанда, 25 елден 300-ден астам компания қатысуда.

Көрмені ExpoGroup халықаралық көрме компаниясы ұйымдастырды.

KazAgro/KazFarm көрмелері аграрлық секторға арналған заманауи технологиялар мен шешімдерді ұсынады – дрондар мен дәл егіншілік жүйелерінен бастап жасанды интеллект негізіндегі интеллектуалды платформаларға дейін.

Әлемнің жетекші аграрлық державаларының ұлттық павильондары өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, цифрландыру және тұрақты өндіріс салаларындағы инновацияларды таныстырып жатыр.

«KazAgro/KazFarm – бұл Қазақстан агросекторының болашағын айқындайтын, жаңа идеялар мен серіктестіктердің тоғысатын стратегиялық алаңы», – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.

Бағдарламадағы негізгі іс-шаралардың бірі – Қазақстан–Беларусь аграрлық форумы болды. Оның басты мақсаты – өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, тәжірибе алмасу және екі ел арасындағы инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту.

Ермек Кенжеханұлы Қазақстан мен Беларусь арасындағы аграрлық әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтті:

«Беларусь – Қазақстанның сенімді әрі маңызды сауда серіктесі. Биылғы жылдың сегіз айында екі ел арасындағы тауар айналымы 739,5 млн АҚШ долларын құрады, оның үштен бірі агроөнеркәсіптік кешен өнімдеріне тиесілі.
Қазақстан дәнді, майлы және бұршақ дақылдарының экспортын арттыруды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен былғары өндірісі саласында бірлескен жобаларды дамытуды ұсынады», – деді вице-министр.

Ол сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация мен агротехнологиялық шешімдерді бірлесе енгізу бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, екі елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Биылғы көрме аясында жастар бастамалары мен цифрлық технологияларға ерекше көңіл бөлінген.
«Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен өткен AgroHackathon шеңберінде аграрлық жоғары оқу орындарының студенттері «ақылды» егіншілік, биотехнология және өнімділікті цифрлық мониторингтеу бағыттарындағы стартап-жобаларын таныстыруда.
Ең үздік жобалар эксперттік және инвестициялық қолдауға ие болады.

KazAgro/KazFarm алаңында сондай-ақ салалық конференциялар, панельдік сессиялар және B2B/B2G-кездесулер өтуде.
Негізгі тақырыптар қатарында – АӨК-дегі инновациялар, мал шаруашылығын цифрландыру, биологиялық қауіпсіздік және қазақстандық фермерлердің экспорттық әлеуеті бар.

Сауда саясатын дамыту орталығы QazTrade көрме аясында арнайы экспорттық аймақ ұйымдастырды.
Онда отандық өндірушілер шетелдік серіктестермен кездесіп, «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендімен өнімдерді халықаралық нарыққа шығаруға бағытталған келісімдерге қол қоюда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button