Ақмола облысында «Jańa Dala / Green Day ‘2025» ірі мамандандырылған көрме-демонстрациясы басталды, деп хабарлайды BasAgro.kz.
22 елден келген (Аустрия, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Нидерланды, АҚШ, Франция, Жапония және т.б.) 200-ден астам компанияны біріктірген іс-шараны ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен «EXPO TIME» ЖШС ұйымдастырды.
«Jańa Dala / Green Day ‘2025» көрмесі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, тәжірибе алмасу және отандық агросекторды халықаралық деңгейде ілгерілету үшін стратегиялық маңызы бар алаң ретінде өз тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
«Өткен жылы біз бұл алаңда жаңа қолдау құралдарын таныстырдық: көктемгі егіс жұмыстарын жеңілдетілген қаржыландыру, лизинг, кепілдік беру, несие арналарының кеңеюі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз 2024 жылдың қарашасында-ақ 2025 жылғы егіс науқанын қаржыландыруға өтінім қабылдауды бастадық. Ерте қаржыландыру тәжірибесін тұрақты жүйеге айналдыруды жоспарлап отырмыз», – деді министр көрменің ашылуында.
Айдарбек Сапаров егістік алқаптарын әртараптандыру, жер ресурстарын тұрақты пайдалану, суару технологияларын енгізу және мал шаруашылығын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Биыл мономәдениет егілетін алқаптар 332 мың гектарға қысқартылып, майлы, бұршақ және мал азықтық дақылдардың егісі ұлғайтылды. Суармалы егіншілікті қолдау бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда, жаңа Су кодексі қабылданды, су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша шаралар енгізілуде.
Соңғы жылдары заманауи сүт-тауарлы фермаларының саны 19-дан 88-ге дейін артты. Бұл жыл сайын 600 мың тоннаға дейін қосымша сүт өндіруге мүмкіндік береді. Қолдау шараларын кеңейту жұмыстары жалғасуда: асыл тұқымды мал сатып алуға, айналым қаражатын несиелеуге арналған бағдарламалар әзірленуде, өңірлік табысты тәжірибе масштабталуда.
Қазақстан экспорттық әлеуетін нығайтуды жалғастыруда. 2025 жылы жүн мен тері экспортына салынған баж алымдары алынып тасталды, 15 экспорттаушы компания сатып алу көлемін ұлғайтты. Балды ЕО елдеріне, құс етін Қытайға экспорттауға рұқсаттар алынды, жылқы еті, сүт және аквашаруашылық өнімдерін Еуропа елдеріне шығару бойынша келіссөздер жүргізілуде.
«Ауқымды жұмыстар атқарылды, алда одан да көп іс күтіп тұр. Министрлік агробизнеспен, Парламентпен, сарапшылар қауымдастығымен тұрақты диалог жүргізуде. «Jańa Dala / Green Day» сияқты алаңдар – бізді бір-бірімізді тыңдауға, қолдау шараларын жетілдіруге және шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік беретін маңызды құрал», – деп атап өтті министр.
Көрме аясында Ақмола облысының агроөнеркәсіп саласының 16 үздік қызметкеріне салалық наградалар мен Құрмет грамоталары табысталды. Қазақтың ақбас тұқымының 75 жылдығына орай республикалық палата мүшелері марапатталды.
Министр ауыл шаруашылығы жануарлары, техникасы мен жабдықтары, ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциялық жетістіктері ұсынылған көрмелерді аралап көрді.
Биылғы экспозиция алаңы 70 000 шаршы метрді құрады. Онда 500-ден астам жоғары өнімді техника, жабдықтар мен инновациялық шешімдер ұсынылды.
Көрме аясында Қазақстан ветеринариялық мамандарының алғашқы Құрылтайы және «Үздік бұқа» аукционы ұйымдастырылады.
«Біздің көрме – аграрлық сектордағы ең көп күтілетін іс-шаралардың бірі екені сөзсіз. Біз қазірдің өзінде өңірлік деңгейден асып, халықаралық мәртебеге қол жеткіздік.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің аграршыларды қолдау, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, инновацияларды енгізу және экспорттық әлеуетті кеңейту бағытындағы жүйелі жұмысының арқасында осындай ауқымды іс-шараларды өткізу мүмкін болып отыр.
Бүгінгі көрме аясында маңызды келісімдер жасалып, отандық ауыл шаруашылығы өндірушілері шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып, іскерлік серіктестерін табуда. Көрменің негізгі мақсатына қол жеткізілді», – деді «EXPO TIME» ЖШС директоры Әділхан Сағынбаев.
Алдын ала есеп бойынша, көрменің алғашқы күнінде шараға шамамен 10 мың фермер қатысты.