Жаңалықтар

Айдарбек Сапаров 1,5 жылдық шөп қорын дайындауды қамтамасыз етуді тапсырды

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 1,5 жылдық шөп қорын дайындауды қамтамасыз етуді және мал шаруашылығы үшін жем-шөп базасын құруды бақылауға алуды тапсырды, деп хабарлайды BasAgro.kz.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде жемшөп өндірісін дамытудың Жол картасын жүзеге асыру аясында өңірлерді мал азығымен қамтамасыз ету бойынша жүйелі шараларға қатысты мәселелер талқыланды.

Жиынға ҚР АШМ ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, облыстық ауыл шаруашылығы, ветеринария басқармаларының, жер ресурстарын басқару департаменттерінің басшылары, ҮЕҰ мен бизнес өкілдері, жалпы алғанда 200-ден астам адам қатысты.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мал шаруашылығы саласын дамытудағы жемшөп өндірісін дамыту маңызды бағыттардың бірі болып саналатынын атап өтті. Жемшөп өндірісі саласындағы жүйелі проблемаларды шешу үшін 2021 жылы жеке Жол картасы қабылданды, 2023 жылы Министрлік аталған құжатты жаңғыртты.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Министрліктің Жол картасы аясында өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп қабылдаған шаралары туралы баяндады.

Атап айтқанда, азық шығындарының құнын субсидиялауға 21,6 млрд. теңге, жем-шөп дайындау техникасы мен жабдықтарын сатып алуға — 20 млрд. теңге, жем-шөп дайындау жұмыстарын жүргізуге 58 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді.

«Тиісті азық базасын қамтамасыз етпей мал шаруашылығын одан әрі дамыту мүмкін емес. Осыған байланысты Жол картасының негізгі бағыттарының бірі 2028 жылға қарай жем-шөп дақылдарының егіс алаңдарын 3,6 млн. гектарға дейін ұлғайту. Ағымдағы жылы өңірлердің деректері бойынша жем-шөп дақылдарының егістік алқабы 3,4 млн. гектардан асты, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 314 мың гектарға артық «, — деп хабарлады вице-министр.

Егістік жерлерге егілген жемшөп үлесі ұлғаюда. Ағымдағы жылы жем-шөп үлесіне егістіктің 16% -дан астамы тиесілі. Бұл ретте көпжылдық шөптердің үлесіне алаңдардың 74%, біржылдық дақылдардың үлесіне — 26% тиесілі.

Жалпы ағымдағы жылға 25,5 млн. тонна шөп, 1,6 млн. тонна пішен, 4,6 млн. тонна сабан, 5,7 млн. тонна құнарлы жем, 2,0 млн. тонна сүрлем дайындау жоспарланып отыр.

Бүгінгі күні 7,6 млн. тонна шөп, 253,6 мың тонна пішен, 29,5 мың тонна құнарлы жем, 37,1 мың тонна сабан дайындалды.

Резервтік қорды қалыптастыру мақсатында өңірлердің алдына шөптің бір жарым жылдық қорын дайындау міндеті қойылады.

«ҚазАгроҚаржы» желісі бойынша мақсатты несиелік қаражатпен 20 млрд. теңге сомасына АШТӨ-нің жем-шөп дайындау техникасын сатып алуға 1557 өтінімі қамтылды, 3,5 мыңнан астам түрлі техника мен жабдықтар сатып алынды.

Әкімдіктердің алдында жем-шөп алқаптарын түбегейлі жақсарту, жем-шөп дақылдары үшін суармалы жерлердің алаңдарын кеңейту, жем-шөп дақылдарының тұқым шаруашылығын дамыту, оларды үстірт және түбегейлі жақсарту арқылы пайдаланылатын жайылымдық жерлердің өнімділігін арттыру міндеті тұр.

Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жемшөп өндірісін дамыту жөніндегі жұмысты жалғастырады.

Жиын соңында Айдарбек Сапаров облыс әкімдіктеріне жемшөп өндірісін дамытудың Жол картасының жоспарланған нысаналы индикаторлары мен іс-шараларының орындалуын қамтамасыз етуді, Сүт-тауарлы фермаларын салу және кеңейту бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде тиісті жемшөп базасын құру мәселелерін ерекше бақылауға алуды, резервтік қор қалыптастыру мақсатында бір жарым жылдық шөп қорын дайындауды қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button