
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин өңірге жасаған жұмыс сапары аясында бірқатар аграрлық кәсіпорындарды аралап, өсімдік және мал шаруашылығына заманауи технологияларды енгізген бірқатар шаруашылықтардың қызметімен танысты.
Әуелі Қазақ жылқы шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтына барды.
Аталған институт Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша отандық жылқы шаруашылығын дамыту, қазақ жылқы тұқымдарын сақтау және жетілдіру, сондай-ақ генетикалық зерттеулер жүргізу мақсатында құрылған.
Институтта 100-ден астам қызметкер, оның ішінде 30 ғылыми маман еңбек етеді. Институт аумағында әкімшілік ғимарат, ипподром, зертханалар мен ғалымдарға арналған тұрғын үй кешенін салу жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта институттың инфрақұрылымы мен ғылыми базасын дамытуға бағытталған шамамен 50 іс-шараны қамтитын жол картасы әзірленген.
Кәсіпорынның жалпы жер көлемі – 8 220 гектар, оның ішінде 1 340 гектары – егістік, 2 952 гектары – тың жер, ал 3 928 гектары – жайылым.
Биылғы жылы 1 942 гектар жерге дән себілді, онда бидай, арпа, сұлы, сафлор және судан шөбі өсірілуде.
Өндірістік база заманауи ауыл шаруашылығы техникасымен жабдықталған. Оның ішінде, 6 астық жинайтын комбайн, 21 трактор, 5 тіркеме және бір бүріккіш бар.
«Аграрлық ғылымды дамыту мен инновациялық технологияларды енгізу – саланың тиімділігін арттырудың негізгі тетігі. Бүгінгі таңда тек көп өндіру емес, сапалы өндіру маңызды. Әр гектар жер мен әрбір теңге инвестицияны ұтымды пайдалану қажет», – деді Аманғали Бердалин.
Одан кейін вице-министр «АШФ Пригородный» ЖШС кәсіпорнында болды.
Кәсіпорынның негізгі бағыты – өсімдік шаруашылығы мен көкөніс өнімін өндіру.
Шаруашылықтың жалпы жер көлемі – 7 051 гектар, оның ішінде 2 573 гектары – егістік, 4 478 гектары – жайылым.
Биылғы жылы егістікке 205 гектар бөлінген, оның 175 гектарында картоп, 30 гектарында пияз, сәбіз және қызылша өсіріледі. Кәсіпорын заманауи инфрақұрылыммен қамтылған. Онда 3 500 тоннаға арналған картоп қоймасы және жалпы сыйымдылығы 7 000 тонна болатын үш көкөніс қоймасы жұмыс істейді. Сонымен қатар, вице-министр «AgroMax2030» ЖШС кәсіпорнына барды. Бұл мал шаруашылығына маманданған, 250 бас ірі қара мал бар.
Аманғали Бердалин облыстың мал және өсімдік шаруашылығын дамыту әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, әсіресе шаруашылықтар арасындағы бірлескен іс-қимылды дамыту, цифрлық шешімдер мен ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу бағыттарының маңыздылығына тоқталды.
Сапар қорытындысы бойынша вице-министр өңірде өндірістік инфрақұрылымды нығайту, өнімді қайта өңдеу саласын күшейту және шаруашылықтардың технологиялық жаңғыру бағытына көңіл бөлу керектігі турасында тапсырмалар берді.