Жаңалықтар
Trending

Аманғали Бердалин Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесті

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барып, ауыл шаруашылығы өндірушілерімен және ветеринарлармен бірқатар кездесулер өткізді. Кездесу барысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, фермерлерді қолдау және көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселелері талқыланды.

«Біз сіздермен егіс науқанына дайындықтың маңызды кезеңінде кездесіп отырмыз. Елдің экономикалық дамуы мен азық-түлік қауіпсіздігі көп жағдайда өнімге байланысты. Сондықтан аграрлық кешенге сұраныс жоғары, бірақ мемлекет тарапынан мүмкіндіктер де жеткілікті деңгейде жасалып жатыр. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласы рекордтық өнім жинап, ел экономикасында жетекші орынға шықты. Биыл да көктемгі егіс және жинау жұмыстарына жеңілдетілген қаржыландыру жалғасады. Оның көлемі 700 млрд теңгеге дейін артады. Қазірдің өзінде 3183 ауыл шаруашылығы тауар өндірушіге 240 млрд теңге қаржы берілді, оның ішінде Ақтөбе облысында 31 фермер 2,4 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды», – деді ол.

Өткен жылы кепілзат тапшылығы мәселесі шешіліп, алғаш рет көктемгі егіс жұмыстарына арналған несиенің 85%-ына дейін кепілдік беретін арнайы бағдарлама енгізілді.

Фермерлерді қолдаудың тағы бір маңызды құралы – жеңілдетілген лизинг. Биыл оның көлемі 200 млрд теңгеге дейін ұлғайып, 5% «таза» мөлшерлемемен берілуде. Қазіргі уақытта 95,9 млрд теңгеге 2806 өтінім түссе, Ақтөбе облысы бойынша 3,7 млрд теңгеге 243 өтінім қабылданған.

Аманғали Бердалин кездесуге қатысушыларды мал шаруашылығы мен өңдеуді дамытуға шақырды.

2024 жылы өңдеу кәсіпорындарын айналым қаражатымен қамтамасыз ету мақсатында кредит беру басталды. Биыл бұл мақсатқа 48 млрд теңге бағытталады. Мал шаруашылығында қысқа мерзімді қаржыландыруды тарту мәселесі пысықталуда. Алғашқы кезеңде бұл қаражат (50 млрд теңге) ірі қара мал, ұсақ мал бордақылау алаңдары мен құс фабрикаларына бағытталады.

Селекциялық-асыл тұқымды жұмысты субсидиялау қайта қаралып, оны жеңілдетілген несиелендіруге көшіру, бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарына мал тапсыру нормативтерін арттыру жоспарланып отыр.

Ветеринарлармен өткен кездесудің негізгі тақырыптары – ветеринарлық қызметті дамыту мен цифрландыру, эпизоотиялық тұрақтылықты нығайту болды.

Аманғали Бердалин өңірдегі эпизоотиялық жағдайды тұрақты ұстау үшін барлық қолжетімді құралдарды тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті ауруларға жедел әрекет етудің маңыздылығын еске салды.

«Мал басын сауықтыру, бруцеллезге серологиялық зерттеулер жүргізу және жануарларды сәйкестендіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуі тиіс», – деді вице-министр. Ол жергілікті атқарушы органдарға заманауи жылжымалы инсинераторлармен және ветеринарлардың нақты қажеттіліктеріне сай жабдықталған пункттермен қамтамасыз етуді тапсырды.

TortTulik мобильді қосымшасы мен ауыл шаруашылығының ақпараттық жүйесі сияқты цифрлық шешімдерді енгізу есептілікті тиімді жүргізуге, қағазбастылықты азайтуға және мал ұрлығымен күреске көмектесуі тиіс, – деп түйіндеді вице-министр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button